Бас жаңалықтар
Тоқаев Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойды
09 Мамыр 2019, 10:35 634

Тоқаев Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.


Мемлекет басшысы елордадағы монумент алдындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. 



Рәсімге Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Бұған қоса премьер-министр Асқар Мамин, Сенат спикері Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, депутаттар, елшілер мен басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.



Шараға келгендер де Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.



Атап өтсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаған болатын.

«Қымбатты отандастар! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршамыз үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Халқымыз Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді. Тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында Қазақстан майдан даласына орасан зор көмек көрсетті. Соғыс жылдары елімізге жүздеген зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Майданға мыңдаған вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз. Барлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.




Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...

Сізден жаңалық