Отандық экспортты жоғары салықтан қорғауымыз қажет – Бақытбек Смағұл

26 Тамыз 2019, 18:26
2485
Бөлісу:
Отандық экспортты жоғары салықтан қорғауымыз қажет – Бақытбек Смағұл
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін көршілес мемлекеттердің нарығына шығару барысында жоғары салық мөлшерлемесіне тап келеді. Содан қазақстандық тауарлардың экспортының дамуы кедергіге ұшырап жатыр.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының фракция мүшесі Бақытбек Смағұл Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында айтты. Депутат осындағы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Болашақ 7» ЖШС-нің ұжымымен кездесіп, зауыттың жұмысымен танысты.

«Болашақ 7» ЖШС-да энергетикалық сусындар мен шырындар шығарылады. Аталған зауыттың басты ерекшелігі, мұндағы сусындарды металл құтыларға құяды. Құрылысына 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған зауыт соңғы заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған. Жыл басында іске қосылған зауытта 70-тен астам жұмысшы еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшы санын 150 адамға жеткізу жоспарланған. Қазір де зауыт жұмысшыларынан бөлек сату бөлімінің қызметкерлерін қосқанда, барлығы 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімін Қазақстан нарығына сатудан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстанға экспорттайды.

Бақытбек Смағұл ШЫМКЕНТТЕ.jpeg

Депутат Бақытбек Смаұл зауыт жұмысымен танысу барысында, осы экспорт мәселесінің кедергілерін атады.

«Кезекті мерзімді іссапармен Шымкентке келіп отырмыз. «Болашақ 7» ЖШС-нің сусындары металл құтыларға құйылады екен. Осылайша, сусынды металл құтыға қойып шығаратын бірден бір отандық кәсіпорын болып отыр. Зауытта сусынның небір түрі шығады, Қазақстан сұранысын қамтамасыз етіп, тіпті елімізге келіп жатқан шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алады. Шетелге экспорттауға қауқары жетеді. Бұл зауыт өз нарығымызды сусындармен қамтамасыз ете отырып, шетелге де шығып жатыр. Мына көршілес Өзбекстанда біздің өнімдерге үлкен сұраныс бар. Сөйте тұра бір өкініштісі олардың салығы 6-7 есе жоғары. Біз осы мәселені парламент қабырғасында көтеруге тиістіміз»,-дейді Бақытбек Смағұл.

Аталған зауыт «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдауға ие болған. Өнімге пайдаланылатын шикізаттың 80 пайызы өз елімізде өндіріледі. Зауыттың сусын өндіру саласындағы тәжірибесі 20 жылдан асады. Соңғы 1,5 жылда жеке зауыт салып, өз төл өнімін шығаруға кірісіпті. Деупататтың айтуынша, осыншама аз уақытта үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

«Зауыт басшылығы несие ала отырып, осы зауытты ашып отыр. Көптеген қиындықпен мұндай жақсы деңгейге жетіпті. Біз енді осындай отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл зауыттың жұмысы – бірегей жұмыс. Сондықтан да іс-қабілеті мықты кәсіпорындардың шетелдік нарыққа шығуына ықпал ету – біздің міндетіміз. Қазір салық мәселесі алға шығып отыр. Біз шетелдік тауардың өз нарығымызға ешқандай кедергісіз өтуіне ықпал жасағанымызбен, өз тауарымыздың шетке шығуына, салықтарының жоғары болуы кедергі келтіреді. Бұл кәсіпкерлерге қиын жағдай. Екіншіден, шетелде біздің өнімнің барлығына сұраныс жоғары, өйткені, біздің өнімдер сапалы. Енді біз мұндай кәсіпорындардың шетелдік нарықтағы салық мәселесін парламент қабырғасында қозғаймыз. Көрші мемлекеттер біздің өнімді тоқтатып салмасы үшін салық мәселесін шешуіміз керек. Олардың салық мөлшерлемелерін мемлекетаралық келісім-шарттармен шешуіміз қажет. Мына, «Болашақ 7» зауытының сусындары Қазақстанның басқа жерінде өндірілмейді. Сапасы да өнімі де ерекше. Адамдардың сұранысы жоғары. Осындай бірегей кәсіпорындарға қолғабыс жасауға тиістіміз. Енді осы мәселені парламент деңгейінде қозғаймыз»,-деді Бақытбек Смағұл.

Өзгелердің жаңалығы