Бас жаңалықтар
Жүрегіне ота жасайтын балалардың 40% ауылдан келеді - маман
18 Ақпан 2019, 21:13 665

Жүрегіне ота жасайтын балалардың 40% ауылдан келеді - маман

Астана, BAQ.KZ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жылына 7,5 мың емделушіге қызмет көрсетіледі, олардың 30% - балалар.

Емделетін балдырғандардың 40% ауыл балалары, қалғандары Қазақстан қалаларында тұрады.

– Біздің орталығымызда екі бөлім бар – балалар мен ересектердің кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтері. ТМККК аясында мембюджет есебінен орталыққа түскен балалар мен ересектердің жүрегіне амалдар мен оталардың барлық түрлері жасалады, - дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова.

Ғылым докторының дерегіне жүгінсек, жыл сайын ашық жүрекке 1800-ге жуық ота жасалса, оның 500-і бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен туғанына әлі бір ай толмаған нәрестелер.

Орташа есеппен алғанда бір отаның құны ересек адам үшін – 2-3 млн, балалар үшін – 1,8-2,5 млн теңге көлемінде.

- Бұл біздің орталықта күнделікті жасайтын қарапайым хирургиялық отаның құны. Біздің орталыққа квота бойынша түсетін емделушілер үшін хирургиялық отаның барлық түрі тегін. Балаларға жасалатын құны 7-8 миллион теңге тұратын оталар бар, - дейді Махаббат Бекбосынова.

Мұның сыртында, аталған орталықта жүректің ауыр сырқатына душар болғандарды емдеуге арналған арнайы бағдарлама бар. Оған жүректі трансплантациялау мен тағы да басқа жүрекке жасалатын күрделі емдер кіріп, олардың құны сәйкесінше 22-44 миллион теңге көлемінде болады. Бір емделушіге арналған бұл шығындардың бәрі де мемлекет есебінен жабылады.

Загрузка...