Бас жаңалықтар
Осылай еркелеп жүруіміз халықтың арқасы – Бақтияр Артаев
PHOTO
12 Мамыр 2021, 16:24 363

Осылай еркелеп жүруіміз халықтың арқасы – Бақтияр Артаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Олимпиадада киген спорттық киімдерін Ұлттық музей қорына тапсырды.

Спорттағы жетістіктерім арқылы елге танымал болдым. Ал сол жарыстарға киген жейделерім бұл тарихта естелік ретінде қалады. Сондықтан Ұлттық музейге табыстап отырмын. Өйткені 100 жылдан кейін Артаевтың пішіні қандай болды екен дегенде осы киімді көру арқылы болашақ ұрпақ бағамдай алады, - дейді Олимпиада чемпионы.


Ұлттық музейдегі кездесуге Бақтияр Артаевтан бөлек, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев және Олимпиада ойындарына баратын ұлттық құрама мүшелері толықтай қатысты. Сонымен қатар, жиын барысында Бақтияр Артаевтың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков те болды.


Бақтияр Артаев – 2004 жылы Афина қаласында өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында 69 келіде атой салды. Сол кезде Қазақстанның жалғыз алтынын еншілеген еді. Отандасымыз жартылай финалда Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан үстем шыққан Бақтияр Артаев финалда екі дүркін әлем чемпионы кубалық Лоренцо Арагонды жеңіп, алтын медаль тақты. Жировтан кейін араға 8 жыл салып, Вэл Баркер кубогы тағы Қазақстанға жол тартты. Бұл жолы оның иегері – Бақтияр Артаев. Спортшы елге келген соң халықтың қошеметіне бөленді. Ел төрден орын беріп, қазақтың көк туын желбіреткен ұлын құрметтей білді. Өзі де барлығы халықтың арқасында екенін айтып отыр.


Елдің қолдауы мен дұға-тілектерінің арқасында Олимпиада чемпионы атандым. Әлі күнге елдің ерке ұлдарының бірі болып жүргенім – халықтың арқасы. Сондықтан халқыма алғысым шексіз. Халық болмаса, біз ешкім емеспіз. Қазақстаннан басқа ешкімге керек те емеспіз, - дейді чемпион.


 
Артаев бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда оқып жүрген кезінде «Мадам Тюссо» музейінен алған әсерімен бөлісіп, балауыз мүсіндер музейін Қазақстанда ашу туралы ұсыныс айтқан болатын. Спортшыдан сол ойы туралы сұрап білдік.


Бұл жақсы бастама. Біздің елде мұндай музей жоқ. Мысалы, Кенесары хан, Абай Құнанбайұлы, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы секілді кісілердің бейнелері болса керемет еді. Олардың бейнелерін айнытпай салуға болады. Бұл туризмді дамытуға, өзіміздің тарихымызды танытуға мүмкіндік береді. Мұнда бір зал өзіміздің тұлғаларға, екінші зал шетел тұлғаларына бөлінеді. Міндетті түрде елордамыздан ашу керек, - дейді Бақтияр Артаев.




Фото: Мақсат РЫСБЕКОВ
Загрузка...