Бас жаңалықтар
Қостанайлық медицина мамандарына 1,6 млрд теңге үстемеақы бөлінген
04 Маусым 2020, 14:03 153

Қостанайлық медицина мамандарына 1,6 млрд теңге үстемеақы бөлінген

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус індетімен күресте алдыңғы қатарда жүрген Қостанай облысының медицина мамандарына республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл соманың алғашқы 51 млн теңгесі наурыз айында 365 қызметкерге төленді. Сәуір айында сома 4 есе өсті.

Алғашқы төлем алғандардың қатарында Қостанай облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері бар. Мұнда наурыз айының соңында коронавируске шалдыққандар мен ауру белгілері байқалған науқастарға арналған бөлімшелер ашылды.

Біз ересектерге инфекциялық көмек көрсетуге лицензия алдық. Аралас бөлімшеде үш жасқа дейінгі балаларға анасымен немесе әкесімен бірге емделуге рұқсат етіледі, - дейді Қостанай облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлықбек Асылбеков.

Сәуір айында бұл ауруханада 7 бала емделген. Қазір бөлімшеде 8 адам бар. Өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған, ауыр жағдайда жатқан науқастар жоқ. Дәрігерлер мен басқа да медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істеп, жеті күндік ауысымнан кейін екі апталық карантинге жатқызылады. Содан кейін қайтадан жұмысқа кіріседі.

Бригадалар құрдық. Әрқайсына төр адамнан кіреді: дәрігер, медбике, буфетші, санитар. Бір бригаданың негізгі жүктемесі – 5-10 адамға көмек беру. Яғни, 158 сағат жұмыс істейді, – дейді Ұлықбек Асылбеков.

Бас дәрігердің айтуынша, Қостанай облыстық балалар ауруханасында коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуші 37 маман сәуір айында 14,5 млн теңге үстемеақы алса, мамыр айында бұл сома 16 млн теңгеге дейін өскен. Тиісінше көмек 64 маманға есептелген.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, коронавирус індетінің таралмауына атсалысқан қостанайлық дәрігерлерге республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралған. Сәуір айында 1518 медицина қызметкері 242 млн теңге үстемеақы алып үлгерген.



Фото: дереккөз
Загрузка...