Қостанайдағы 240 ауылда мемқызметшілер жеткіліксіз

28 Ақпан 2020, 06:20
1467
Бөлісу:
Қостанайдағы 240 ауылда мемқызметшілер жеткіліксіз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысының ауылдарында кадр тапшылығы байқалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.

Қостанай облысының 20 қаласы мен аудандарында 734 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оларда 6254 мемлекеттік қызметші бар. Алайда ауылдық жерлерде маман тапшылығы бар.

Облыстың мемлекеттік органдарында 562 бірлік бос орын бар. Барлығы 240 ауылда мемлекеттік қызметшілер жеткіліксіз. Әсіресе Қостанай, Федоров, Қарабалық және Бейімбет Майлин аудандарына маман қажет. Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметшілердің сапалы-кадрлық құрамының деңгейі жоғары. Мәселен, қызметкерлердің 89%-ның жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметтегі орташа өтілі 10,7 жылды құрайды. 29 жасқа дейінгі 1252 адам жұмысқа тұрған, - деді департамент басшысы.

Мемлекеттік қызметші - халыққа үлгі. Осы ұстанымдағы Әдеп жөніндегі кеңес былтыр 13 отырыста 61 мәселені қараған. Нәтижесінде 18 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылып, үшеуі атқаратын лауазымынан босатылған.

Мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғау бойынша заңнама талаптарын сақтау - басты жұмысымыз. Осы бағытта бақылауды жүзеге асыру шеңберінде Департамент қызметкерлері арасында сауалнама, талдаулар мен мониторингтер өткізіп тұрамыз. Былтыр қызметшілердің еңбек өтілінің дұрыс есептелмеуіне байланысты 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар 300 мың теңге іссапар шығындары төленбеген. Бұл мәселе ретке келді, - деп мәлімет берді Асхат Искендиров.


Өзгелердің жаңалығы