Қостанайда ауылдарды ауызсумен қамту бойынша 22 жоба жүзеге асырылады

12 Сәуір 2019, 14:54
2181
Бөлісу:
Қостанайда ауылдарды ауызсумен қамту бойынша 22 жоба жүзеге асырылады
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. 2025 жылға қарай Тобыл-Торғай аймағындағы ауылдық елді мекендердің 95% сапалы ауызсумен қамтылуы тиіс. Бұл туралы Қостанай өңірінің әкімі Архимед Мұхамбетов облыс әкімдігінде өткен жиында айтты.

Жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Алмат Есенбаев өңірдегі жағдайды баяндады.

«Қостанай облысында 548 ауыл бар. Олардың ішінде орталықтандырылған ауызсумен 172 елді мекен қамтылған. Бұл – ауыл тұрғындарының 59%-ын құрайды. Ал орталықтандырылған ауызсуға қолы жетпеген 376 ауылдың ішінде 1 мыңнан 7,5 мыңға дейін адам тұрып жатқан 30 ірі елді мекен бар. Ол жерлерге құбыр желілерін өткізіп, сапалы су тартып беру үшін шамамен 28 млрд теңге керек. Бірінші кезекте осындай ірі-ірі ауылдарды қамту мәселесі тұр», - дейді Алмат Есенбаев.

Оның айтуынша, тұрғын саны 500-ден көп (мыңға жетпейтін) 65 елді мекенге су жүргізу үшін 48 млрд теңге керек.

Облыста 6 мыңға жуық халық тұратын 24 ауыл тазартылмаған ашық су көздерін пайдаланады. Сондай-ақ, 12,5 мың адам мекендеген 30 ауылға ауызсу тасымалданады. Мұндай ауылдар Амангелді, Жангелдин, Қарасу, Қарабалық, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл және Федоров аудандарында бар. Алдағы 2020-2021 жылдары сол елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, суды тазарту және тарату пунктерінде жұмыстар жүргізілмек.

«Алғашқы кезекте ашық су көздерін пайдаланатын және ауызсу тасымалданатын, тұрғындар саны жүзден асатын 37 ауыл таңдалып отыр. Оларға құбыр желілерін тартпай-ақ, қаражат үнемдеп, барлығы 6 млрд теңге көлемінде пунктерді жөндеп, жаңалаймыз. Бұл соманы әр ауылға бөліп есептесек, 162 млн теңгеден келеді. Жоспарланған жұмыстар сараптамадан өткізіліп, жобалық-сметалық құжаттар жыл соңына дейін дайындалуы тиіс. Осылайша, 2020 жылғы республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға мүмкіндік аламыз. Жобалар екі жыл қатарынан жүзеге асырылады», - деді басқарма басшысы.

2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдарды сумен қамту үшін республикалық бюджеттен облысқа 7,6 млрд теңге бөлінген болатын. Өңірлік бюджеттен қаралған қаржыны қоса есептегенде жалпы сома – 8,7 млрд теңге. Бұл қаражат 22 жобаны жүзеге асыруға жұмсалып, 19 ауыл (25 мың тұрғын) орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 40 мың адам тұратын 11 ауылда су сапасы жақсарады. Сөйтіп, 2019 жылдың соңына дейін Қостанай өңірінде ауылдарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 33,5%-ға жетеді.

«Тұрғындарды есептемегенде, ауылдарды орталықтандырылған сумен қамту 31% болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға соңғы екі жылда шамамен 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендердің 95%-ы ауызсумен қамтылуы тиіс. Осы межеге жету үшін қосымша қаражат қажет. Біздің жоспарымыз Үкімет тарапынан қолдау табады деген ойдамыз», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.



Өзгелердің жаңалығы