Бас жаңалықтар
Қостанайда 4 студент үйі салынады – Архимед Мұхамбетов
18 Ақпан 2020, 05:19 173

Қостанайда 4 студент үйі салынады – Архимед Мұхамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайлық студенттерді алдағы уақытта жатақханамен қамту мәселесі толықтай шешіледі. Бұл туралы облыс әкімі халыққа қорытынды есеп беру кездесуінде хабарлады.

Осы уақытқа дейін студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Алдағы уақытта бұл олқылық бірте-бірте шешімін таппақ.

Студенттерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жалпы құны 707,2 миллион теңгеге 336 орынға арналған жатақхана салып жатыр. Бұдан бөлек Қостанай қаласында 4 студент үйін салу жоспарланды. Атап айтқанда, Қостанай медициналық колледжі, жоғары политехникалық колледжі, автомобиль көлігі колледжі, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ базасында жатақхана бой көтереді, – деді аймақ әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар Архимед Мұхамбетов сапалы білім беруге қажетті жағдай жасау үшін жыл сайын облыс қазынасынан бөлінетін қаржының да қомақты екенін жеткізді. Былтыр білім саласына 80,2 млрд теңге бағытталған.
Қостанай қаласында 900 орынға арналған 2 мектеп ашылды. "Әуежай" шағын ауданындағы орта мектеп және мемлекеттік тілде оқытатын мектеп-гимназия өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді. Облыста тағы екі мектептің құрылысы басталды. 21 білім беру объектісі күрделі жөндеуден өтті. 2020 жылы 15 білім нысанына 2,9 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, – деп толықтырды өңір басшысы қорытынды есебін.


Фото: дереккөз
Загрузка...