Бас жаңалықтар
Қостанай облысы мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бойынша үшінші орында
26 Наурыз 2019, 16:07 305

Қостанай облысы мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бойынша үшінші орында

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бұл көрсеткішті жоғары бағалаған Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды бақылау комиссиясының мүшелері бұдан да жоғары нәтижеге жетуге болады деп есептейді. Бұл туралы аталмыш комиссияның отырысында айтылды.

Қазір нәтижені жақсарту үшін тауар өндірушілер мен құрылыс заттарын шығарушылардың отандық реестрін толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі жөнінен денсаулық сақтау, дене тәрбиесі және спорт басқармалары алда келеді. Олардағы пайыздық көрсеткіш – 86%. Білім басқармасында жергілікті үлес 78% болса, табиғи ресурстар басқармасында – 73%.

«Өңірде мемлекеттік сатып алудағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің жалпы үлес салмағы – 33%. Қостанай облысы жергілікті қамту үлесі жөнінен Солтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Жүргізілген жұмыстарға сәйкес, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға хат жолдадық. Бүгінге дейін 14 кәсіпорын құрылыс жабдықтарына қатысты баға ұсынымдарын көрсетіп берді. Бізге түскен баға ұсынымдары мердігер ұйымдарға жіберілді», – дейді Қостанай облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба.

Оның айтуынша, кейбір тауар өндірушілердің ақпаратты уақытында жібермеуі жұмысты жылдамдатуға кедергі болып тұр.

«Полиэтилен, геотор өндіретін компаниялардың реестрде болмауына таңданыс білдіріп жатқандар бар», – деді ол.

 Алдағы уақытта отандық реестрге жергілікті кәсіпорындар мен олар ұсынған өнімдер туралы мәліметтер толығымен енгізіледі.            

Фото: дереккөз

Сізден жаңалық