Өскемендегі облыстық драма театрына Рүстем Есдəулеттің есімін беру ұсынылды

4 Тамыз 2021, 23:43
1701
Бөлісу:
Өскемендегі облыстық драма театрына Рүстем Есдəулеттің есімін беру ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендегі облыстық Қазақ Драма театрына Рүстем Есдəулеттің есімін беру туралы мәселе қайта көтерілді. Бұл туралы Түсіпхан Түсіпбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Өскемендегі облыстық Қазақ Драма театры атаусыз тұрғалы 5 - 6 жыл боп барады. Алғашқы ұсыныс Өскемен қаласында Қазақ театрының іргесін қалаған, талантты режиссер, Қазақ труппасын өз елімізге де, шет мемлекеттерге де танытқан, Жамбыл атындағы облыстық театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры қызметін атқарып жүріп бақилық болған Рүстем Есдəулеттің есімін беру туралы болған.  Бұл ұсыныс қалың көпшіліктен қолдау тауып, мораторийға байланысты тоқтап қалғанө болатын. Рүстем жас та болса, отызында орда бұзып, аққан жұлдыздай жарқырап өткен азғантай ғана ғұмырында артында өшпестей із қалдыра білген тума талант еді. Бүгінгі өскемендік көрермендер, жалпы өнер сүйер қауым оны жақсы біледі. Əттең, нағыз жанып тұрған шағында, жазатайым жазым болды! Арманда кетті! Жаңа театр салам деп жанталасты. Өйткені, ескі театрдың Рүстемдей талант үшін мүмкіндігі тым шектеулі еді. Соған қарамастан, қаншама туындылар сахналанып, өз көрермендеріне жолдама алып жатты. Республикалық, халықаралық театрлар байқауларынан жүлдемен оралып жүрді. Рүстемнің ұстазы, қазақтың театр өнерінің мэтрі Асанəлі Əшімов ағамыз шəкіртінің қойылымдарына ерекше баға беріп, тыңнан жол салған ізденгіш, жаңашыл режиссер деп атап еді.  Ол өзінің үзеңгілес досы ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов өмірден өткенде қоштасып тұрып: "Сен кеткенмен соңыңда жолыңды жалғастырушы, орныңды жоқтатпайтын талантты, дарынды шәкіртің Рүстем Есдәулет бар. Соған шүкіршілік етемін" деген еді. Т.Жүргенов академиясының режиссерлық факультетін бітірген Рүстем кейін Санкт-Петербургтың театр институтында әлемге әйгілі жаңашыл режиссер М.Додиннің эксперименттік шеберханасынан 4 жыл тәлім алған болатын. Нəтижесінде ол басқарған жылдары өрлеу жолына түскен Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры азғана жылда республикаға белгілі болды. Қатысқан қай фестивальдан болсын жүлдесіз оралмайтын деңгейге жетті, – деп жазды Түсіпхан Түсіпбеков. 

Рүстем Есдәулет жетекшілік еткен жылдары Шығыстың театры аяғына нық тұрып, іргелі аға театрлармен иық тірестіріп, репертуары орталық теледидардан үзбей берілетін болды. Рүстем Өскемен театрында қызмет істеген жеті жыл ішінде 25 спектакль қойды. Өскемен театрланған шаһарға, тұрғындары театр жанкүйерлеріне айналды. 

Дарынды режиссер әрі драматург ақынның өзі қойған әр спектаклі аншлагпен өтетін еді. Бұл жетістіктер Рүстемнің табан ет маңдай терінің таза төлемі болатын. Елдің ықыласына бөленді. Ұйқы көрмей жұмыс жасады.  Облыс орталығында өтетін барлық шаралар Рүстемнің қатысынсыз өтпейтін. Ол бəріне де уақыт таба білді. Рүстем жатпай-тұрмай жаңа театр жобасын жасап, облыс басшыларына ұсынды. Ұсынып қана қойған жоқ, сол жаңа жобасын қорғай біліп, соңғы саханалық жетістіктермен жабдықталған жаңа театр үйін салу қажеттігін дəлелдеп шықты. Ол жобасы қолдау тауып, құрылысы қолға алынар сәтте қапыда көз жұмып, бақилық болды. Жаңа театр салу туралы арманы Рүстем өмірден озған соң ғана орындалды. Қазір оның өз қолымен жасатып әкелген жобасы зәулім театр ғимаратына айналды. Бірақ аты-жөні жоқ ақ отау болып тұр. Өскемендегі қас қағым сəттей, қысқа ғұмырында ғасырға бергісіз еңбек еткен, облыстың мәдени тарихында үлкен құбылыс жасап, өнер аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып түскен Рүстем Есдəулеттің атын облыстық Қазақ Драма театрына  беру туралы ұсыныс жасаймын! Өнер сүйер қауымнан, Рүстемнің көзін көрген, бірге қызмет жасаған əріптестерінен осы ұсынысымды қолдауларыңызды сұраймын!, – делінген жазбада.

Өзгелердің жаңалығы