Өскеменде Қабанбай батырдың 329 жылдығына арналған конференция өтті
23 Қазан 2021, 16:33 7377

Өскеменде Қабанбай батырдың 329 жылдығына арналған конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстанда жоңғар басқыншыларымен ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушыларының бірі, қазақтың қайсар қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырдың келер жылы болатын 330 жылдық мерейтойына арналған бірінші республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Игі шара Қабанбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан соң Ұлы қолбасшының өмірі мен қазақ халқының өркендеуіне қосқан жоғары жеңістері туралы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған жылжымалы көрмемен жалғасты.

Айта кетейік, Қаракерей Қабанбай батыр туған жерін жаудан азат ету үшін 103 шайқасқа қатысып, жеңіске жеткен.

Бірінші ғылыми-тәжірибелік конференцияға С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Есенов, Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің директоры Жаңыл Назарбаева, Аягөз аудандық мәслихатының депутаты Нұрланбек Тоқтабаев, Шығыс Қазақстан тарихшылары қатысты.

Шығыс Қазақстан облысына көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл іс-шарамыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Келесі жылы Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойын ауқымды түрде ел болып атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте біз жастарымыздың осындай батырлардың, ата-бабаларымыздың рөлі мен тарихымыздағы маңызды орнын терең түсінгенін қалаймыз. Ұлы қолбасшының өміріндегі көптеген тарихи оқиғалар мен фактілер әлі зерттелген жоқ, - деді «Қабанбай» халықаралық қорының және «Ер-Қаптағай» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құсман Шалабаев.

Айта кететін жайт, қазақтың дарабозы – Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция алғаш рет ұйымдастырылып отыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...