Бас жаңалықтар
Өскеменде «Ashyq» жобасына тіркелген нысандар саны артып келеді
14 Мамыр 2021, 18:18 246

Өскеменде «Ashyq» жобасына тіркелген нысандар саны артып келеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде «Ashyq» жобасына 71 қатысушы ресми тіркеліп, 66 нысан тестілеу режимінен өтуде.

Бұл туралы бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Өздеріңізге белгілі, бизнес нысандарында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға бағытталған «Ashyq» жобасы сәуір айының 26 жұлдызынан бастап қаламызда жұмыс істей бастаған болатын. Аталмыш қосымша ПТР базасымен сәйкестендірілгендіктен, жеке тұлғаның мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы адамның бұған дейін қауіпті індетпен ауырғанын немесе вирус тасушы екенін анықтай аламыз, – деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.

Оның айтуынша, нысандарды толық жабуға балама ретінде қолға алынған жобаның басты мақсаты - инфекция жұқтырған немесе онымен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруын қадағалап, реттеу болып табылатын көрінеді. Бұл бизнестің сары немесе қызыл аймақта бола тұра жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін бірден бір жоба. Яғни жоба бизнес нысанына келушілерді, я болмаса өз жұмысшыларын қауіпті індеттен сақтай отырып жұмысын жалғастыруға жағдай жасайды.

«Ashyq» жобасына қатысамын деушілер өтінішті «Іnfokazakhstan.kz» сайты арқылы бере алады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті жердегі филиалы өтінішті құптаған соң, нысанға арнайы QR код беріледі. Келушілер де ұялы телефондарына арнайы қосымшаны жүктеп алып, нысанға кірерде QR кодты сканерлейді. Осылайша, оның айналасына қауіп төндіріп-төндірмейтіні анықталады. Ал смартфоны жоқ келушілер үшін кіреберісте арнайы қызметкер отырып, ЖСН нөмірлері арқылы олардың мәртебелерін тексереді, – дейді Гасан Тұрғанбаев.

Дегенмен, жобаға қатысу бизнес нысанды талап етілетін санитарлық нормалардан босатпайды. Жоба талаптарын орындамаған бизнес нысан бірінші ретте екі аптаға жобадан шеттетілсе, қайталанған жағдайда екі ай мерзімге шеттетіледі. Жалпы, жоба бойынша азаматтардың «қызыл», «сары», «көк» және «жасыл» сияқты төрт түрлі мәртебесі анықталады.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Арман Сағындықовтың айтуынша, «Ashyq» жобасына қатысу туралы рұқсат оңды-солды беріле бермейтін көрінеді. Оның хабарлауынша, басқармада бизнес нысандар маңыздылығына қарай санаттарға жіктелген. Басқарма мамандары нысанның қызметін жалғастыруға берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысын нақтылаған соң, өтініш кәсіпкерлер палатасына қайтарылып, рұқсат беру жұмыстары ары жалғасын табады.

«Қызыл» немесе «сары» түсті мәртебесі бар азаматтар «Ashyq» жобасына қатысушы нысанға барып, өз кодтарын сканерлесе оның сол жерде болғаны туралы ақпарат біздің жүйемізге келіп түседі. Сәйкесінше, біздің қызметкерлер мұндай азаматтарды тексеріп, оларға ескерту жасайды. Қайталанған жағдайда, оларға қатысты санитарлық дәрігердің қаулысын орындамауға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады, – деп қосты Арман Сағындықов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...