Өскемен мен Семейге кіріп-шығу уақытша шектелді

2 Сәуір 2020, 16:36
1675
Бөлісу:
Өскемен мен Семейге кіріп-шығу уақытша шектелді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен және Семей қалаларының ішкі-сыртқы қатынасына уақытша шектеу қойылды.

Атап айтсақ, Өскеменнен сыртқары шығатын 7, Семейдегі 8 автожолдың бойына блокпостар орнатылып, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері кіріп-шығатын автокөліктер мен ондағы жолаушылардың денсаулық жағдайын, құжаттарын тексеруді бастап кетті. 

Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметов аталған жағдайға байланысты Өскемен-Самар тас жолындағы бақылау-өткізу пунктінде болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімен көріп қайтты.

Барлық блокпост жұмысты бастайды. Ондағы мамандар барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта олар жұмыстарын бастап кетті. Өңір тұрғындарын сабырлық сақтап, қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауларын сұраймын, - деді Даниал Кенжетайұлы.

Пункт әзірге тұрғылықты мекенжайы Өскемен қаласында орналасқан азаматтарды, сонымен қатар "жасыл дәліз" аясында азық-түлік пен қажетті дәрі-дәрмек тасымалдаушыларды ғана өткізуде. Осы ретте көпшіліктің көкейінде "облыс орталығында қала сыртындағы елді мекендерден келіп, жұмыс істейтін азаматтар не істемек?" деген сауал туындаған еді. Бұл мәселеге қатысты жауап берген ШҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Жанболат Кәлетаев қазіргі уақытта осындай адамадардың тізімдері жасалып жатқанын алға тартты.

Олар әкімдікке жүгініп отыр, сол сияқты бізге де сұраныстарын білдірді. Қазіргі таңда бұл азаматтардың тізімі жасалып, атап айтсақ құс фабрикалары қызметкерлерінің тізімдері сараптамадан өткізілуде. Бұл мәселе жақын күндері шешімін табатын болады, - деп жауап берді жауапты тұлға.


Өзгелердің жаңалығы