ОСК халықаралық байқаушыны аккредиттеудің күшін жойды

21 Мамыр 2019, 17:41
1357
Бөлісу:
ОСК халықаралық байқаушыны аккредиттеудің күшін жойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина кезектен тыс президент сайлауына халықаралық ұйым байқаушысы Александр Джон Фолксты аккредиттеудің күші жойылғанын мәлімдеді.

Сайлау туралы Конституциялық заңның 21-2-бабына сәйкес, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің күшін жоюды Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауды байқау жөніндегі Миссиясының хатының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы негізінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауды байқау жөніндегі Миссиясының байқаушысы Александр Джон Фолксты аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы қаулы қабылданды.

«Осыған байланысты 2019 жылғы 6 мамырдағы «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» ҚР ОСК қаулысына тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс. Аталған қаулыға 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ҚР ОСК жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдар байқаушыларының тізімінде «4. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауды байқау жөніндегі Миссиясы» бөлімінде реттік нөмірі 40 «7. Alexander Jonh Folkes» деген жол алынып тасталсын», - деп айтты Баймолдина.
Өзгелердің жаңалығы