Астана, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласы ішкі істер басқармасы мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы массаж жасайтын креслоны 422 мың теңгеге сатып алғысы келеді.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы мониторинг тобының мүшесі Рахим Ошақбаев мәлім етті.
«Біздің ойымызша, мемлекеттік сатып алу жүйесінің 30% тиісті бәсекеге қабілетті орта арқылы жүргізілген. Алайда онда мемлекеттік қызметкерге қажет емес тауарларды сатып алу деректері кездеседі. Қазіргі таңда Түркістан қаласының ішкі істер басқармасы (қазіргі полиция департаменті – автор) мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы массаж жасайтын креслоны 422 мың теңгеге сатып алғысы келеді. Қалалық ішкі істер басқармасына (қазіргі полиция департаменті – автор) мұндай соммаға кресло не үшін қажет? Біз мұны түсіне алар емеспіз», - деді сарапшы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылды қорытындылауға арналған отырысында.
Осы орайда Рахим Ошақбаев мониторинг жүйесі мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы орынсыз сатып алуды алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.