Қорытынды кездесуге дейін 11 ауылды араладым – әкім

12 Ақпан 2020, 13:46
2461
Бөлісу:
Қорытынды кездесуге дейін 11 ауылды араладым – әкім

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы, Сайрам ауданына өткен жылы 38,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 75,8 млрд теңге өнім өндіріліп, мал шаруашылығының өсімі есебінен 7,2%-ға артқан. Бұл туралы аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков халықпен қорытынды кездесу барысында мәлім болды.

Сайрам ауданының басшысы 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттері туралы жиналған халыққа баяндап берді.

Бүгін біз өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы уақытқа жаңа міндеттер қоюға жиналып отырмыз. Сансыз бабтар мекені Сайрам ауданында еңбек адамдары қоныстанған. Шағын бизнес саласына бет бұрғандар қатары да күн сайын артып келеді. Бүгінге дейін ауданның 11 ауыл округінде халық алдында есебімді бердім. Бүгінгі қорытынды есебімде 2019 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, 2020 жылға атқарылатын жұмыстарды баяндап өтуге рұқсат етсеңіздер, - деді аудан әкімі.
Қорытынды есепте әкім аудан экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі өнеркәсіпте 24,4 млрд теңге өнім өндірілгенін айта кетті.
4ced7668-8cce-4d23-8285-ee6ccee8f35d — копия.jpg

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі – 20,0 млрд теңге, электрмен жабдықтау – 3,5 млрд теңге, кен өндіру өнеркәсібі – 644,4 млн теңгені қүраған. Сайрам ауданында 2019 жылы алты инвестициялық жобаның арқасында 166 жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру картасы аясында соңғы бес жылда 11,6 млрд теңгеге 12 жоба іске қосылып, нәтижесінде 610 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 2019 жылы 3 жоба іске қосылған. Олар "Айкан" ЖШС сүт зауыты 80 адамды, ЖК "Р.Абдужалилов" ағаштан жасалған жиһаздық бұйымдар, есіктер шығаратын цехы 30 адамды, "Nurym Group" ЖШС 10 000 мал басына арналған ферма құрылысы, құрамажем шығаратын кешен және ет өңдейтін цехы 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауданда шағын кәсіп қарқынды дамып келеді, бүгінде олардың саны 15118 құрайды. Шағын және орта кәсіпкерліктен 66,2 млрд теңге өнім өндіріліп, бюджетке 3,4 млрд теңге салық түскен.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы да өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіп иелерін қуантуда. Айталық, 450,0 млн теңге көлемінде 10 жобаға несие берілген. Мәселен, "Бақдәулет Grin" ЖШС көкөніс консервілеу цехына 123,3 млн теңге бөлінген. "Озай Зеки" ЖШС сүт өңдеу зауытына 80 млн теңге, "Илесбай Ата" ШҚ жылыжай құрылысына 31 млн теңге несие берілген. Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдар арқылы 11634 адамға 7,2 млрд теңгеге несие берілді.

Аудан халқымен есептік кездесуде Ұласбек Сәдібекұлы алда жүргізілетін жоспарларын да айта кетті. Айтуынша, ауданда 77,6 мың адам жұмыспен қамтылған, жұмыссыздар саны 4166 адам, осылайша жұмыссыздық деңгейi 5,1 % төмендеген.

c7846adc-5586-4232-b5b5-7d9d02f030ec.jpg

Биыл 2020 жылға қойып отырған басты мақсатымыз – ауданның еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейін 4,9% дейін төмендету. Осы мақсатта "Еңбек" бағдарламасы бойынша 8500 азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Ал әлеуметтік қамсыздандыру бойынша "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының белсенді шараларына 2019 жылы 7146 адам тартылып, 3871 адам тұрақты және жаңа жұмыс орындарымен қамтылды, оның ішінде 187-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Алты инвестициялық жобаны іске қосылып, 166 жұмыс орны ашылады, - деп атап өтті ол.

Жалпы, әкім есеп беру жиынында ауданда қоғамдық саяси жағдайдың тұрақты екендігін, 4 аймақтық партия жүйесінің филиалы, 26 үкіметтік емес ұйым, 8 ұлттық этно-мәдени орталық пен 111 діни бірлестіктің өкілдері өз жұмыстарын жүргізіп, ауданның қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жатқанын тілге тиек етті.

Бұл өз кезегінде аудандағы ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік шиеленіс пен наразылық әлеуетінің деңгейін бағалауға мүмкіндік береді және бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда тұр. Сонымен бірге, 2020 жыл елеулі даталарға толы жыл. Бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойларын атап өтпекпіз. Ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу әр азаматтың борышы. Сондай-ақ, ең маңызды мереке – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты өтетін іс-шараларды жоғары деңгейінде ұйымдастыруымыз қажет. Ел өміріндегі елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады, - деді ол.
fda907f0-acff-48d3-9ef2-2be5a4dd7546.jpg

Кездесуде аудан басшысы бұған дейін 11 ауыл округін аралап, 21-29 қаңтар аралығында әр ауыл округінде есеп бергеніне тоқтала кетті. Әкімнің сөзінше, ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің бірқатары бүгінгі таңда шешімін тапқан. Атап айтқанда, Манкент ауылындағы ауызсу бойынша кемшіліктер жойылып, тұрғындарға үзіліссіз ауыз су беріле бастаған. Қасымбек Датқа ауылындағы 3 арендалық, коммуналдық тұрғын үйге арналған жылу қазандығы іске қосылып, қажетті көмірмен қамтамасыз етіліп, 48 пәтердің тұрғындарына жылу берілді. Ағын су мәселесі шешілмей келе жатқан Әйтеке би ауылына ағын су жеткізетін "Көтерме" каналын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен биыл 128,3 млн теңге бөлініпті.

Нысанды 2021 жылы пайдалануға берілмек. Ақбұлақ, Қарамұрт ауылдарынан өтетін облыстық маңызы бар Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ КХ-3 автомобиль жолының Ақсукент ауылына дейінгі 22 шақырымын орташа жөндеуден өткізу мәселесі облыс әкімінің алдында көтеріліп, биыл облыстық бюджеттен 997,0 млн теңге қаралатыны айтылды. Кездесу соңында аудан халқы әкімге көкейдегі мазалаған сұрақтарын жолдады. Өз кезегінде әкім тұрғындардың арыз-шағымының бәрін қарастырып, ауданда жасалған заңсыздықтардың бәрін анықтайтынын және жергілікті басылымдарға жарияланатынын айтып уәде берді.

Өзгелердің жаңалығы