Қорықшылардың өміріне қауіп төндіргендер енді қатаң жазаланады

11 Қыркүйек 2019, 13:42
1694
Бөлісу:
Қорықшылардың өміріне қауіп төндіргендер енді қатаң жазаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде ауыр қылмыс жасаған азаматтардың жауапкершілігін күшейту және тиісті заңды қатаңдату тақырыбында брифинг өтті. 

Брифингте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бас прокуратура әзірлеп жатқан сәйкес заң жобасын таныстырды.

«Браконьерлікке қатысты айтсам, барлық қылмыстар бойынша браконьерлердің қару-жарағы, көлік құралдары мен мүліктерін міндетті түрде тәркілеу енгізіледі. Заңсыз аң және балық аулау «тәртіпсіздік» санатынан «орташа ауыр қылмыс» санатына ауыстырылады. Яғни, аса үлкен залал тигізбесе де, Қызыл кітапқа енген жануарлар зардап шекпесе де, бір рет браконьерлік жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Ал қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, ең үлкен жаза – 40 тәулікке дейін қамауға алу», - деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, сирек кездесетін жануарлар мен балықтарды аулағаны үшін, топпен браконьерлік жасағаны үшін қылмыс «ауыр қылмыс» санатына жатқызылып, 6-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұған қоса, қорықшылардың өміріне қауіп төндіргендер үшін де жаза қатаңдай түспек.

Бұған дейін балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатқанын хабарлаған едік. 

Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыр қылмыстар үшін жаза күшейтіледі деген болатын.


Өзгелердің жаңалығы