Өртенген сауда орнының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі

12 Қазан 2020, 19:40
1221
Бөлісу:
Өртенген сауда орнының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде өртеніп кеткен сауда орнының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі. Тауары жанып кеткен бизнесмендерге қатысты дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынбақ.

Бүгін облыс орталығындағы ірі сауда орнының ғимараты өртенді. Сауда нысанының бірінші және екінші қабаты қызыл жалынға оранды. Бас-аяғы 1500 шаршы метрлік аумақ өртке орында.

Сауда орталығының аумағында 50 жалға алушы кәсіпкер орналасқан. Мен Павлодар қаласының әкіміне және кәсіпкерлік бөлімінің басшылығына қолдау шараларын қолға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, өрттен келген материалдық шығын көлемін анықтау қажет, - дейді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Зардап шеккендердің қатарында кәсіпкер Айбек Әбелдинов бар. Айтуынша, ғимараттың ішіндегі сауда нүктесі толық жанып кеткен. Кәсіпкерлердің мүлкі сақтандырылмағаны белгілі.

Сауда үйінде бір азық-түлік бөлімшем бар. Ет өнімдерін саудалаумен айналысамын. Бөлімшенің ішінде 1,5 млн. теңгенің тауары болды. Тоңазытқыштар мен өзге де құралдар зақымданды. Бұған дейін тексерулер жүргізілген еді. Әр бөлімшеде өрт сөндіргіштер бар, - дейді Айбек Әбелдинов.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің хабарлауынша, бастапқыда өртке қауіптіліктің екінші дәрежесі берілді. Кейін үшінші дәреже тағайындалды. Себебі, өрт жабық контрукциялардың ішіне тез тарап кеткен.  Өртпен күрес жұмыстарына үш өрт бөлімшесінің күш құрылымдары атсалысты. 60-тан астам қызметкер атсалысып, 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, өңірде соңғы уақытта ірі сауда және монша нысандарында өрт оқиғалары жиіледі. Бүгінгі күнге дейін 6 дерек тіркелген. Ал аталған сауда нысанында тексеру жұмыстары екі жыл бұрын жүргізілген. Сол сәтте өрт қауіпсіздігін бұзудың 11 фактісі анықталған.


Өзгелердің жаңалығы