Бас жаңалықтар
Ақтөбеде үйі өртенген отбасыға қолдау көрсетілді
13 Ақпан 2019, 21:34 673

Ақтөбеде үйі өртенген отбасыға қолдау көрсетілді

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Үйі өртенген ақтөбелік қолдау тапты. Ақтөбе қаласының әкімдігі бүгін баспанасыз қалған отбасыға құрылыс материалдарын жеткізіп берді. Тілсіз жаудан зардап шеккен қала тұрғыны Қожахмет Тасмағамбетов көмектескен жандарға алғысын жаудырып отыр.  

Облыс орталығындағы Тасмағамбетовтер отбасы қыстың көзі қырауда далада қалды. Өрт оқиғасы биыл 2 қаңтарда болған. Кірпішті ауылында орналасқан қос қабатты үй көзді ашып-жұмғанша қызыл жалынға оранды. Қазір тек сыртқы қабырғасы ғана тұр.

«Баспанам шпалдан тұрғызылып, кейін қызыл кірпішпен қапталды. 2006 жылы өзім салған едім. Қаланың орталығынан көшіп келдік осында. Екі ұлым бар. 2 қаңтарда аулада жүргенмін. Екінші қабаттан түтінді байқап, ұлдарыма айқайладым. Сол кезде үйде немерем мен жұбайым болған. Жүгіріп барып, екінші қабаттағы бөлменің есігін ашқанымызда өрт өршіп кетті. Бірден өрт сөндіру қызметіне хабарладық. Қызыл жалынды 3 сағатқа жуық уақытта сөндірді»,-дейді үй иесі Қожахмет Тасмағамбетов.

Қаңтарда баспанасыз қалған ақтөбелікке туған-туыс, көршілерімен бірге шаһардың өзге тұрғындары да көмектескен. Материалдық жағынан да қолдау білдіріпті.

«Өрт болған күннің ертеңіне 70-ке жуық адам көмекке келді. 2-3 күн қатарынан жұмысқа келгендей тұрақты көмектесіп тұрды. Үйдің ішінен 8 көлік күл шығардық. Отбасыма қолдау білдірген барша азаматқа алғысым шексіз. Қиналғанда көмектесетін жандардың жетерлігін түсіндім. Қазір отбасыммен екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз»,-дейді Қожахмет Тасмағамбетов.

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімдігі де материалдық көмек көрсетті. Баспана тұрғызуға қажетті құрылыс материалдарын жеткізіп берді. Жұбайы Залиха Тасмағамбетова өтініш білдірген екен. Өрттен зардап шеккен отбасыға бұған дейін 100 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.

«Залиха Тасмағамбетованың өтініші қабылданып, бүгін құрылыс материалдарын жеткіздік. 150 қап цемент, 50 қап сырлы кірпіш пен 100 дана арқалықтар әкелдік. Алдағы уақытта да демеушілердің көмегімен қолдау көрсетілетін болады»,-деді Ақтөбе жер мониторингінің басшысы Әділбек Қабидуллин.

Әсел АБАТ

Фото автордікі

Загрузка...