Орташа жалақы 3500$: Министр Сингапур моделі Қазақстанға келмейтінін айтты

29 Қаңтар 2020, 12:25
2482
Бөлісу:
Орташа жалақы 3500$: Министр Сингапур моделі Қазақстанға келмейтінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан дөңгелек үстелде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанның зейнетақы жүйесіне Сингапур тәжірибесін енгізу туралы айтты.

Зейнетақы жинақтау жүйесінің сингапурлық моделі туралы көп айтылды. Жеке өзім Сингапур моделі әлемдегі ең жақсы модель деп санаймын. Қазіргі таңда Сингапурда зейнетақы жарналары үш шот бойынша бөлінеді: негізгі, арнайы және медициналық. 55 жастан бастап негізгі және арнайы шоттар зейнетақы шотына біріктіріледі, ал салымдар мөлшері жасына байланысты өзгереді. Бірақ мен мынаны атап өткім келеді: жұмыс тобында осы мәселені талқылаған кезде Қазақстанның зейнетақы жүйесіне сингупарлық модельді енгізу – едәуір проблема туғызатынына байланысты ортақ тоқтамға келдік, - дейді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, мұның себептері халықтың табысы мен есептелген жарна көлемінің айырмашылығында болып отыр.
Біріншіден, бұл қаржыландырылатын жүйеден шегерілетін жарна ставкаларының әр түрлі болуда.  Егер Сингапурда зейнетақы ставкасы 37 % аударылса, Қазақстанда - 10 %.  Сингапурда 55 жасқа дейін жұмысшы 20 %, жұмыс беруші 17 % аударып отырады. Содан кейін тарифтер өзгереді.  Қазақстанда қызметкер 10 % аударады, жұмыс беруші ештеңе жібермейді. Екіншіден, Сингапурде шегерімдер жасалынатын орташа жалақы айына 3500 долларды құрайды. Бұл теңгеге шаққанда - 1,33 млн теңге.  Бізде орташа жалақы 180 мың теңге. 10 пайызды аударсақ, 18 мың теңге жинақ қорына түседі. Сингапурда 1,33 миллионның 37 % айына 493 мың теңгені құрайды, - деп түсіндірді министр.
Өзгелердің жаңалығы