«Орталық коммуникациялар қызметі» Президент әкімшілігінің қарамағына өтті

22 Шілде 2019, 11:08
2138
Бөлісу:
«Орталық коммуникациялар қызметі» Президент әкімшілігінің қарамағына өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай Жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру және ҚР президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы қаулы етті.

«Қазақстан Республикасының президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 33-бабына сәйкес қаулы етемін:

1. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) құрылсын.

2. Мекеменің  штат саны 33 бірлік мөлшерінде белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі мекемеге қатысты уәкілетті орган болып айқындалсын.

4. Қазақстан Республикасының президенті мекеме директорын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады деп белгіленсін.

5.  Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін, оның мүлкін мекемеге бере отырып, таратсын;

2)  бір ай мерзімде мекеменің жарғысын әзірлеп, белгіленген тәртіпте бекітуге енгізсін;

3)  мекеменің мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

4)  осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

6. ҚР президентінің Іс басқармасы ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп, мекемені орналастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үй-жай бөлуді қамтамасыз етсін.

7. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес ҚР президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін. 

8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген ресми хабарламада.


Өзгелердің жаңалығы