Орталық Азиядағы алғашқы «Гамма-пышақ» Ұлттық нейрохирургия орталығында орнатылды

19 Маусым 2021, 10:50
1860
Бөлісу:
Орталық Азиядағы алғашқы «Гамма-пышақ» Ұлттық нейрохирургия орталығында орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Ұлттық нейрохирургия орталығында болып, онда жаңа радиология және радиохирургия бөлімінің жұмысымен танысты. Үкімет басшысына Швецияда шығарылған заманауи «Гамма-пышақ» кешені таныстырылды, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Қазақстан ТМД аумағындағы үшінші елге және осындай жоғары технологиялық жабдығы бар Орталық Азиядағы бірінші елге айналды. Жалпы, әлемде 400-ге жуық «Гамма-пышақ» қондырғысы бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан. «Гамма-пышақ» - бұл бас миы ісіктерін, тамырлы және функционалды ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық қондырғы. 

Мұнда 192 кобальт-60 көздерінен радиоактивті сәулелену қолданылады, оның сәулелері патологиялық ошақ аймағында жиналып, біріктіріледі. Олар ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Бұл ретте мидың сау тіндері мен науқастың бүкіл денесі сәулеленбейді. 

Операцияның өзі ауырсындырмай, бас сүйегін трепанациялаусыз жасалады. Операция бір реттік, яғни сәулелік терапия секілді бірнеше сатыда жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан бүгінгі таңда «Гамма- пышақ» - радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты». 

Қазақстандықтар мұндай емді квота бойынша тегін ала алады. Бұған дейін пациенттерді қымбат емдеуге шет елдерге жіберуге тура келді. Ұлттық нейрохирургия орталығында Орталық Азия аймағындағы жалғыз «Гамма-пышақтың» болуы ҚР-да медициналық туризмді дамытуға да ықпал етеді. 

Денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру – еліміздің дамуының басты басымдықтарының бірі. Әзірленіп жатқан «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша шаралар кешені қабылданады, - деп Асқар Мамин қазақстандық дәрігерлерді келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтады. 

Сонымен қатар Ұлттық нейрохирургия орталығына Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов барды.


Өзгелердің жаңалығы