Өрт сөндірушілердің жалақысы баспана сатып алуға жетпейді – Депутат Үкіметке сауал жолдады
10 Қараша 2021, 16:13 134

Өрт сөндірушілердің жалақысы баспана сатып алуға жетпейді – Депутат Үкіметке сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өрт сөндірушілердің орташа жалақысы жеке тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бермейтінін айтты.

Депутат Жамбыл Ахметбековтің сөзінше, соңғы жылдары мемлекет АҚО қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын күшейту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2017 жылғы 1 сәуірден бастап АҚО қызметкерлерінің сыныптық біліктілігі үшін үстемеақы мөлшері 30%-ға дейін арттырылды. Бұған қоса 2017 жылғы 1 шілдеден бастап АҚО қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 25%-ға ұлғайды, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атқаратын функцияларына қарай АҚО қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы 20-дан 65%-ға дейін сараланып, өсті.

Мысалы, бұрын өрт сөндірушінің орташа жалақысы (еңбек өтілі 9-11 жыл, «1-сыныпты маман» сыныптық біліктілігі бар АҚО сержанты атағы) 80-90 мың теңгені құраса, көрсетілген арттырудан кейін айына 141 604 теңгеге дейін жетті. АҚО қызметкерлері еңбекақысының кезең-кезеңмен көтерілуіне қарамастан, бірінші кезекте қажетті тауарларға, коммуналдық қызметтерге, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алуға бағаның жыл сайын өсуі байқалады. Өрт сөндірушінің 154 114 теңге мөлшеріндегі орташа жалақысы көрсетілген барлық шығыстарды толық көлемде өтемейді, - деді ол.

Ахметбеков азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандырудың жеткіліксіздігі, олардың тұрғын үй мәселесінің шешілмеуі, өрт сөндіруші мамандығы беделінің төмендеп кетуі мемлекеттік өртке қарсы қызмет кадрларын тығырыққа тірегенін атап өтті.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкіметке мынадай ұсыныстарын жеткізді:

1. Арнайы атақ берілген АҚО қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру.

Тұрғын үйдің болмауы - қызметкерлердің басты мәселесі. Өрт сөндірушінің орташа жалақысы жеке тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ тұрақты тұру үшін жайлы тұрғын үйді жалға алуға мүмкіндік бермейді. Осылайша қызметкерлер санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін пәтерлерді, бөлмелерді жалға алуға мәжбүр болады. Бұл қызметкерлердің психологиялық және моральдық жағдайына теріс әсер етеді.

2. Азаматтық қорғау органдары құтқарушыларының құтқару қызметінде болуының шекті жасын төмендету.

Жасы ұлғайған сайын құтқарушыларға ауыр жүктемелермен күресу қиындай түседі, қалпына келтіру процесі жылдарға созылады.

60 жасында құтқарушылар биіктіктерде, су астында, үйінділерде ептілік, икемділік және төзімділік сияқты физикалық қасиеттерді көрсетуді талап ететін ерекше жұмыс түрлерін орындай алмайды.

3. АҚО қызметкерлерін басқа жерге көшумен байланысты қызмет бойынша ауыстыру және жоғарылату кезінде көтерме жәрдемақы төлеу, сондай-ақ өз мүлкін тасымалдау шығынын өтеу.

4. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен және ІІО қызметкерлерімен ұқсас жауынгерлік іс-қимылдарға жақындатылған жағдайда жұмыс істегені үшін МОКБ қызметкерлеріне (арнайы атақ берілген әскери қызметшілер мен МОКБ қызметкерлеріне) үстемеақы төлеу.

Бұл ұсыныстар АҚО қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға, бөлімшелердің кәсіби кадрлармен жасақталуына, сондай-ақ қызметкерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау мәселелерінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге оң әсерін тигізетін кәсіптің беделін арттыруға бағытталған, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...