Бас жаңалықтар
Өрт сөндіру кезінде мерт болған азаматтардың медалі отбасыларына тапсырылды
16 Тамыз 2019, 17:11 247

Өрт сөндіру кезінде мерт болған азаматтардың медалі отбасыларына тапсырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Жаркент өңірінде болған өртті өшіру кезінде қаза болған азаматтарға «Ерлігі үшін» медалін беру туралы президенттің Жарлығына сай мемлекеттік наградаларды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марқұмдардың отбасыларына табыстады, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Панфилов ауданына жасаған сапарында облыс басшысы алдымен өртте жанқиырлықпен қаза тапқан Еркінбек Оспановтың шаңырағында болып, отбасына көңіл айтып, барынша қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.

"Еркінбек бауырымыз қызметтік міндетін атқаруда ерен ерлік көрсетті. Сондықтан есімін ел білсін, кейінгілерге үлгі болсын деп мемлекет басшысы “Ерлігі үшін” медалін беру туралы Жарлыққа қол қойды, осы марапаттарды табыстауды маған тапсырды. Сіздерге барша Жетісу жұртшылығының атынан қайғырып көңіл айтамын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін", - деген облыс əкімі Баталов медальді марқұмның əкесі Əбілхан Оспановқа табыстады. 

Аудан әкімдігінде жиын өткізіп, өрт сөндіру кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттады. 

"Қатты ыстықтан болған алапат өртті тоғыз күн дегенде өшірдік. Апат арамыздан 3 бауырымызды алып кетті. Біраз адам зардап шекті. Сол өрт кезінде ерен ерлік көрсеткен азаматтарды есте қалдыру, ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, жəрдемімізді аямаймыз. Осындай батыр ұлдар тəрбиелеген, елін, жерін сүйетін ұл өсірген ата-аналарына алғыс айтып, азаматтардың рухының алдында басымызды иеміз" - деді Баталов.

Мерт болған азаматтар – Үсенбеков Қанаттың отбасына, яғни соңында қалған 5 баласына Жерұйық ауылынан тұрғын үй алып берілсе, Немелбаев Айтқазының жанұясына баспана салуға көмек көрсетіледі. Сол сияқты 5 балалы Оспанов Еркінбектің отбасына да үй салуға орман шаруашылығы мен кәсіпкерлер бірлесіп жәрдемдеспек.

Осы жиында өртті ауыздықтау кезінде мерт болған ауыл тұрғындары Айтқазы Немелтаев пен Қанат Үсембековке Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалі марқұмдардың жақындарына табысталды. Апатпен күресуге белсене қатысқан азаматтарға Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі берілді. Олардың қатарында Жаркент орман шаруашылығы басшысының орынбасары Бауыржан Түйебаев, орманшылар Бақтыбай Рахимжанов, Ғабит Мақсұтов, Бауыржан Торғаев, орман шаруашылығының жұмысшылары Ленура Иманбаев, Руслан Мейірманов, аудан тұрғыны Сәкен Қайратов бар.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық