Бас жаңалықтар
Қордайдағы толеранттылық деңгейі 90%-дан асады
03 Маусым 2020, 09:17 158

Қордайдағы толеранттылық деңгейі 90%-дан асады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы 1 қаңтардағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысы тұрғындарының саны 1 млн 130 мың 99 адамды құрайды. Өңірде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған. Қазақтар 72,81 % болса, орыстар – 9,60%, дүнгендер – 5,29%, қалғандары түрік, өзбек, күрд, кәріс, әзербайжан, татар, қырғыз, неміс, украин, ұйғыр, шешен, грек, белорус, тәжік және өзге ұлттар.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева айтты. Оның сөзіне қарағанда, халық санынан дүнген, күрді, қырғыз және әзербайжан этностарының саны өсіп келе жатқанын байқауға болады. Ал өзбек, орыс, неміс, тәжік, түрік және поляк этномәдени бірлестіктері өздерінің тарихи отандарымен тұрақты байланыс орнатқан.

Аймақтың шекара маңындағы аудандарында шоғырланған этностардың ахуалына және әлеуметтік көңіл-күйлеріне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Талас және Шу аудандарында (күрді, түрік, дүнген ұлттары өкілдері жиі қоныстанған) қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өңірде 26 облыстық, 1 қалалық және 48 аудандық этномәдени бірлестік бар. Жергілікті ассамблеяның ұйымдастыруымен былтыр 150  мыңнан астам адамның қатысуымен 1191 іс-шара өтсе, жыл басынан бері 43 560 адамның қатысуымен 476 шара өтті. Этномәдени бірлестіктер тарапынан биыл 202 іс- шара ұйымдастырылып, оған 21 мың адам қатысты, - деп атап өтті Маржан Қожаева.
Хатшылық меңгерушісі ассамблея жанындағы 175 Қоғамдық келісім кеңестері ағымдағы жылы 64 іс-шара өткізіп, 2 400 адам қамтылғанын да айтты. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Масаншы. Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Қарасай, Қарасу ауылдарының белсенділері мен ақсақалдарының бірлескен Қоғамдық келісім кеңесінің бүгінгі күнге дейін 6 отырысы өткізіліп, тұрғындар арасындағы әлеуметтік-рухани мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданған.

Этностар жинақы орналасқан Байзақ, Жамбыл, Талас, Шу, Меркі аудандарында бірлескен кеңестер жұмысы ұйымдастырылуда. Ассамблеяның Аналар кеңесі этнос өкілдері мен жастарға ақпараттық қолдау көрсетуде. Жыл басынан 64 іс-шара ұйымдастырып, оларға 5 250 адам тартылды. Аналар кеңесі әлеуметтік орталықтарда қайырымдылық акцияларын өткізіп, карантин кезінде 50-ден астам отбасыға азық-түлік себеттерін таратып, аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік көмектің азық-түлік пакеттерін үлестіруге қатысты, - деді Маржан Төреғұлқызы.
Оның сөзінен белгілі болғандай, "Достық" үйінде Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңес пен ҚХА Қоғамдық келісім және Аналар кеңесі бірлесуімен құрылған 4 топ Бірыңғай ашық есік күнін өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша қабылдау жүргізген. Онда 45 адамның өтініш-тілегі тыңдалып, 20 мәселе шешімін тауыпты, 25-і тиісті орындарға жолданған. Қан орталығының дәстүрлі "Ерікті донор" қан тапсыру акциясына ассамблея жастары мен волонтерлерінің 40 мүшесі қатысты.
Биылдың өзінде медиация кабинеттеріне 202 азамат жүгініп, ассамблея медиаторлары 182 жанжал мен даулы жағдайды шешті. Оның 143-і азаматтық болса, 19-ы отбасылық, 20-сы қылмыстық даулар қатарына жатады. Ал өңірде 2 медиация кабинеті, 40 медиация алаңы жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі – қайырымдылық қызметін үйлестіру. Бұл орайда, өңірдегі ассамблея мүшелері мен этнос өкілдері меценаттарының азаматтық белсенділігі арқасында 220 млн астам теңгеге көмекке мұқтаж 20 мың отбасыға жәрдем беріліп, 60 отбасыға пәтер кілті табысталды, - деді хатшылық меңгерушісі.

Оның айтуынша, Алғыс айту күніне орай 900 отбасына, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне 9 мыңға жуық отбасына 16 млн теңгеден астам түрлі қайырымдылық шаралары жасалған. Қордай ауданындағы зардап шеккен отбасыларға Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылының тұрғындары 10 млн теңгеге және ауыл жастары 1 млн теңгеге қаржылай көмек беріпті. Сондай-ақ, ассамблея мүшелері техногенді апаттан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтарал ауданы тұрғындарына 10 млн 160 мың теңгеге 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелткен.

Маржан Қожаеваның айтуынша, жыл басында жаппай төбелес болған Қордай ауданындағы этносаралық ахуалды бақылауға арналған әлеуметтік мониторингке қатысушылардың 89,1 %-ы өз өмірлеріне қанағаттанатындарын білдірген. Толеранттылық деңгейі 90,6 % екен.

Этносаралық ахуалға жасалған бұл мониторинг аудандардағы бірқатар мәселелерді анықтап отырған көрінеді. Мәселен, Шу ауданындағы әзербайжандар мен түріктер жинақы қоныстанған Қонаев ауылы маңындағы "Шатыркөл" өндіріс орнынан кенді ашық тасымалдауға және ауылды орталықпен байланыстыратын апатты жағдайдағы көпірмен ауыр жүк көліктерінің өтуіне тұрғындардың наразылығы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Мәселені шешу үшін айналма жол салынған, алайда жүк көліктері әлі күнге дейін көпірмен өтуде.

Шу ауданы аумағындағы Төле би ауылындағы орталық саябақта Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш орнатылған. Бірақ ескерткішті орнатуға арнайы рұқсат алынбаған, сапасыз материалдан жасалған, бүгінде ескерткіш құрылыс материалдарымен қоршаулы тұр. Ол аймақта түріктердің тығыз қоныстанғанын ескерсек, ескерткішті басқа ауылға орнатуға тыйым салып, бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Қордай ауданындағы дүнгендер тығыз орналасқан елді мекендер тұрғындары да егістік жер тапшылығы мәселесін үздіксіз көтеріп келеді. Тараз қаласы, Шу, Жамбыл, Қордай, Меркі аудандарында мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа жобалардың кең насихатталмауы, жастардың жұмыссыздығы, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізудің дұрыс ұйымдастырылмауы мәселелері күн тәртібінен түспеуде, - деді Маржан Төреғұлқызы.
Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы 7 836 тұрғынның 3140-ын түріктер құрайды екен. Ауылда түрік этномәдени бірлестігі, ауыл ақсақалдарының бірлескен жұмысы жүргізілуде. Маржан Қожаева осыдан төрт жыл бұрын және жуырда орын алған құқық бұзушылық деректері тұрмыстық сипатта болғандығын ескеріп, учаскелік полиция қызметкерлерінің қоғамдық бірлестіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, өңірдегі ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра береді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...