Қордайдағы төбелес: Дүнген ұлтының қырық шақты жасы Отан қорғап жүр

24 Ақпан 2020, 21:01
4407
Бөлісу:
Қордайдағы төбелес: Дүнген ұлтының қырық шақты жасы Отан  қорғап жүр

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бірлікке сызат түскенде, берекеден мән кететіні Украинада болған оқиғадан белгілі. Тек ол емес, жалпы тарихтағы кез келген жеңілістердің нәтижесін іздейтін болсақ, ауызбіршіліктің жойылуы мен жауапкершіліктің немқұрайдылығынан екендігін айқын көруге болады.

Бұл туралы Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ерлан Жабықбаев айтты. Ол әлеуметтік
желілерге тараған дүнгендердің әскери қызметтен бас тартатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын да сөз етті. Әскерге
шақырылушыларды іріктеу кезінде олардың ұлты емес, денінің саулығы, психологиялық және моральдық жағдайы басты өлшем ретінде
қарастырылады екен.

Жалпы, былтыр Әулиеата өңірінен 2649 жас әскерге шақырылса, Қордай ауданынан 377 сарбаз Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Оның ішінде қазақ, орыс, татар, неміс, украин, ұйғыр, өзбек және басқа да ұлттың өкілдері бар. Ал дүнген ұлтынан еліміздің түкпір-түкпірінде қырыққа жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін өтеуде, - деді полковник.

Оның сөзінше, кез келген бозбала өз елінің, жерінің алдындағы борышын өтеуге міндеттеледі.

Ал Қордай ауданында орын алған жанжалға қатысты Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Бахром Муминов Қазақстан халқы Ассамблеясы дұрыс жұмыс істемей жатыр деген секілді орынсыз айыптар тағылып жатқанын жеткізді.

"Осы елдің азаматы ретінде әрі облыстық ассамблеямен тығыз жұмыс жасап жүргендіктен үндемей қала алмадым. Бұл ұйым – ұлттарды бір ортаға әдемі ұйытып отыр. Онда бір ғана емес, бірнеше ұлт пен ұлыс бар. Ассамблея олардың барлығына бірдей қарап, араларындағы өзара теңдікті қалт жібермей қадағалауда. Бір елде бірнеше ұлттың татулығын күзетудің айтқан ауызға болмаса, істеген жұртқа өзінше салмағы бар", деген ол орын алған оқиға неден басталғанын құзырлы органдар анықтап, тиісті адамдар өз жазасын алады деген сенімде.

109 жастағы қария Аманбала Аманжолова қазақ халқының ежелден өзге ұлттың өкілдерін еш басынбағанын айтады. Керісінше, құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан. Басына ауыртпалық түскен халықтарға пана болған.


Оны сол шарапатты көрген халықтар өздері де мойындайды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі ұлттың өкілдері қазақ халқымен бірге бейбіт өмір сүруде. Қазақтың даласы қандай кең-жазира болса, жүрегі де сондай дархан. Біз достықты, адалдықты биік қойған елміз, - деді кейуана.

Оның пікірінше, күні кеше Қордай ауданында орын алған оқиға көпшілікке әртүрлі сипатта тарап жатыр. Кейбір арандатушы топтар осындай дүрбелеңді пайдаланып, ұлтаралық қақтығыс туғызуды көздеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы