Ордабасы ауданында әлемде теңдесі жоқ тәсілмен мұнай өнімдері өндіріледі

6 Маусым 2020, 11:29
1669
Бөлісу:
Ордабасы ауданында әлемде теңдесі жоқ тәсілмен мұнай өнімдері өндіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында Евро - 5 стандартына сай отандық өнім, АИ-92 маркалы бензин, дизель жанармайы мен бензол, толуол, ксилол және үлгілі мазут өнімдері шығарылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірегей жобаның ерекшелігі - бұл өнімдер көмірден өндіріледі. Әлемде теңдесі жоқ жобамен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы танысып қайтты. Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округіндегі "Стандарт Ресурсис" ЖШС көмір - химиялық комбинаты жылына 30 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқарлы.

1,5 млрд теңге инвестиция құйылған жоба аясында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында инфрақұрылым желісі жүргізіліп, 3 шақырым жерде темір жол тартылған. Қазіргі таңда зауытта құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылуға дайындық үстінде, - делінген хабарламада.

Өмірзақ Естайұлы экспериментальды жобаны кеңінен жүзеге асыруды қолға алу керектігін айтты. Ол үшін теңдесі жоқ технологияның қыр - сырын жаппай үйретуді тапсырды. Өнім тек ел көлеміндегі нарыққа ғана емес,  ТМД елдеріне экспортталмақ. Негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік "ЭТН Циклон"  компаниясы.

Өзгелердің жаңалығы