Бас жаңалықтар
Оразалин мердігерлерге тұрғын үй құрылысын тездетуді тапсырды
PHOTO
16 Қыркүйек 2021, 18:40 378

Оразалин мердігерлерге тұрғын үй құрылысын тездетуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қызмет бабымен Ақтөбе қаласын аралап, облыс орталығының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы бойынша бірқатар жобаның жүзеге асырылуымен танысты.


Қызметтік сапар «Жаңақоныс-3» тұрғын үй алабының газбен қамту желілерінің құрылысын қарап шығудан басталды. Жоба тамыз айында басталған, биыл қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоғары және орташа қысымдағы барлығы 43 мың газ желісі тартылмақ.


Айта кетейік, осы жылы Ақтөбеде тұрғын үй алаптарындағы инженерлік инфрақұрылымдарды дамытатын бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жаңақоныс-3-тен бөлек, Қурайлыда, Құрашасайда, Ақшат-3 пен Ақжар+ тұрғын үй алаптарында да газбен жабдықтау жобалары жүзеге асырылып жатыр, Батыс-3 шағын ауданында, Заречный-1 және Заречный-2 тұрғын үй алаптарында, Құрашасай мен Қурайлы ауылдарында сумен жабдықтау және су тарту желілерінің құрылысы бойынша ауқымды жобалар жүргізіліп, Рауан, Ақжар плюс және Сая тұрғын үй алаптарында, Құрашасай мен Қурайлы ауылдарында жаңадан электр жеткізу желілелі төселуде.


Бұдан өзге биыл Жаңақоныс-4 және 5, Бауырластар-5, Шығыс-1, Ақжар плюс тұрғын үй алаптарын көгілдір отынмен, сонымен қатар, Шығыс-1, Жанақоныс-5, Бауырластар-5 және Сарбаз тұрғын үй алаптарын жарықпен қамтуға қаражат бөлініп, жобаларды жүзеге асыру басталады.

Облыс әкімі қала басшылығына жобаларды көрсетілген мерзімде сапалы қамтамасыз етуді тапсырды.


Жұмысты мүмкіндігінше тездетіңіздер. Су, газ, жарық – халық шағымданатын сұрақтардың негізгілері, - деді Оңдасын Оразалин.


Кейін өңір басшысы Батыс-2 шағын ауданындағы «Универ» медорталығы емханасының құрылыс барысымен танысты. Нысан жеке инвестиция есебінен тұрғызылып жатыр. Жаңа медицина мекемесінің жалпы аумағы 2 мың м2. Кемінде 25 мың адам медициналық қызмет алатын болады.


150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық қызметі қарастырылған. Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, хирургия мен урология, педиатрия, оңалту және физикалық ем қабылдау кабинеттері жұмыс жасайтын болады. Соңғы буын диагностикалық жабдық ендігі әкелініп қойды, әрі қарай магниттік-резонанстық және компьютерлік томография орталықтарын іске қосу, амбулаториялық хирургияны дамыту жоспарланып отыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында Батыс-2 шағын ауданында физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешеніның құрылысы басталды. Бүгінде жалпы аумағы 4,6 м2 құрайтын екіқабатты ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Спорт кешенінде спорттық, жаттығу залдарынан бөлек алаңы 400 м2 болатын бассейн және т.б. болады.


Бұдан басқа облыс әкімі Әуе қалашығындағы жаңа қазандықты қарап шықты. Нысан әлі аяқталмаған, өңір басшысы оны биыл желтоқсан айына дейін пайдалануға беруді тапсырды.


Сондай-ақ Оңдасын Оразалин Нариманов көшесі бойындағы көлік қоятын жерлерді ыңғайластыру жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жобаны жүзеге асыру көлік қоюды реттеуге және көлік өтетін жерде автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстардың барлығы осы аптада аяқталады.



Фото: дереккөз
Загрузка...