Бас жаңалықтар

Оралмандарға берілетін квота саны белгілі болды

Астана, baq.kz. 2019 жылы оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауға қанша квота бөлінетіні белгілі болды. Бұл туралы «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпарат жүйесінде ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы жарияланды.

 Қазақстан Үкіметінің № 916 қаулысы 2018 жылғы 29 желтоқсанда қабылданған. Ол жарияланған уақыттан 10 күннен кейін қолданысқа енгізіледі. Оған сәйкес, оралмандарды қабылдаудың 2019 жылға арналған өңірлік квотасы 2 103 адамды, қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 7 771 адамды құрайды.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылғы 1 тамызға және 2020 жылғы 1 ақпанға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы қаулының орындалуы туралы есеп берсін. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - делінген құжатта.

 Жалпы, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес Қазақстанда оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы жыл сайын белгіленеді. 

Сізден жаңалық