Бас жаңалықтар
Оралмандарға Қазақстан азаматтығын алу жеңілдейді
24 Қаңтар 2019, 18:07 1719

Оралмандарға Қазақстан азаматтығын алу жеңілдейді

Астана, BAQ.KZ. Этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру құқығын көздейтін заң жобасы биылғы мамыр айында Мәжіліс қарауына енгізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

ҚазАқпарат ХАА-тың жазуына қарағанда, Үкімет басшысының жауабына сәйкес, көші-қон саясатының проблемаларын кешенді шешу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірледі. 

Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының 2018 жылғы 16 қарашадағы 466-отырысында жоба мақұлданды.

«Аталған тұжырымдамада Қазақстан Республикасына келген этникалық репатрианттарға қолайлы жағдайлар жасау, оның ішінде оралман мәртебесі жоқ немесе тоқтатылған этникалық қазақтарға Қазақстанда тұрған мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқық беру көзделген. Жоғарыда аталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2019 жылғы мамыр айында енгізу жоспарланған», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сізден жаңалық