Бас жаңалықтар
Оралдағы барлық сауда үйлері тексеріледі
28 Мамыр 2020, 23:59 137

Оралдағы барлық сауда үйлері тексеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орал қаласындағы кәсіпкерлер сауда нысандарының ашылуы мәселесімен Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бақылау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовпен кездесті.

Облыстағы кəсіпкерлер бас қосып, Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бақылау басқармасының басшысымен кездесті. Кездесу барысында кəсіпкерлер өздерінің қарамағындағы нысандардың қашан ашылатындығын, жұмыс барысы қашан толыққанды жүйеге түсетінін сұрады. Жауап ретінде мониторингтік топ құрылып, үш күн бойы қаладағы барлық сауда орындарын аралап тексеріс өткізетіндігі айтылды. Мекемелердің санитарлық талаптарға сай болуы, бетперде, антисептиктермен қамтылуы тиісті. Мониторингтік топтың тексерісі бойынша анализ жасалып, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай қоса ескеріліп қорытынды жасалады, - деп хабарлады БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңір тұрғындарына үндеу жариялады.

Вирустың көбеюіне байланысты біз көптеген бизнес нысандарды, балабақшаларды, басқа да ойын-сауық орындарды аша алмай отырмыз. Нәтижесінде мыңдаған отбасы несиелерін төлей алмай, тауарларын сата алмай шығынға батып отыр. Біз оларға тезірек жұмысқа оралуына, еңбек етуіне және отбасыларын асырауға мүмкіндік беруіміз керек. Карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдау үшін бір ғана нәрсе қажет - қауіпсіздік талаптарын сақтау. Бұл қиын емес. Басты мақсат - көп адам шоғырланған жерлерге бармай, талаптарды қатаң сақтау. Маскалар мен антисептиктер сатылымда жеткілікті. Осы жағдайларды ескере отырып, облыс әкімі және жедел штаб басшысы ретінде, аймақта карантин талаптары тиісті түрде сақталмаса, режимді қатаңдатуға мәжбүр болатынымызды айтқым келеді. Біздің ортақ мақсатымыз - инфекциядан біржолата толықтай құтылу. Сондықтан, тағы да барлық облыс тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын - деген еді облыс әкімі өз үндеуінде.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...