Орал қаласының бас санитары қосымша шектеу шараларын енгізді

5 Қараша 2020, 05:18
1613
Бөлісу:
Орал қаласының бас санитары қосымша шектеу шараларын енгізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орал қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 4 қарашадағы қаулысына сәйкес қосымша шектеу шаралары енгізілді.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қаулы 7 қарашадан бастап күшіне енеді.

Қаулыға сәйкес жедел жәрдем, авариялық қызметтер және басқа арнайы органдардың автокөлігін, сондай-ақ, түнгі ауысымда жұмыс жасайтын адамдардың автокөлікпен жүруін, аса қажет болған жағдайда (дәріханалардан дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу мақсатында шығу, шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге бару) жеке автокөлікпен жүріп-тұруды қоспағанда, сағат 23.00-ден бастап 06.00-ге дейін автокөліктің жүруіне шектеу қойылады.

Жеке және заңды тұлғалар басқа да дәлелді себептермен сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін автокөлікпен жүру қажет болған жағдайда http://www.STOPCOVID.KZ сайтында тіркелуі қажет немесе 109 телефон нөміріне өтініш хабарлама қалдыруы тиіс.

Батыс Қазақстан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасына http://www.STOPCOVID.KZ сайтының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.

БҚО полиция департаменті қосымша шектеуді сақтау мақсатында патрульдеуді ұйымдастырып, аталған талап бұзылған жағдайда материал толтырып, Орал қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жібереді.

Өзгелердің жаңалығы