Бас жаңалықтар
Орал-Ақтөбе ақылы жолы автоәуесқойлар үшін тегін болмақ
PHOTO
25 Қараша 2020, 14:30 150

Орал-Ақтөбе ақылы жолы автоәуесқойлар үшін тегін болмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында өткен қоғамдық тыңдауларда ақылы жолдардың басты артықшылықтары талқыланды.

Бұл туралы ҚазАвтоЖол Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.


Мамандардың айтуынша, ақылы жол учаскелері қауіпсіз, үнемі жөнделіп отырады және жол төсемі мен жол бойындағы инфрақұрылымның сипаттамалары жоғары деңгейде.

Мемлекет «Нұрлы жол» бағдарламасы және Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасы шеңберінде замануи үлгіде қауіпсіз жолдар салуда. Күре жолдардың сапасын сақтап күтіп ұстау үшін республиканың батыс өңірлерінде жолақысының ашық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.


Орал және Ақтөбе қалаларын, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының 20-дан астам ауылдық елді мекендерін жалғайтын көлік артериясы да жақында ақылы болады. Дәлірек айтқанда, жаңа технологияларды қолдана отырып және заманауи халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынған ұзындығы 281 шақырымдық тас жол учаскесі, - делінген компания таратқан ақпаратта.

Бұл автожолда тестілік режимде жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және жолға, оның жабынына және ілеспе инфрақұрылымға тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен іске қосылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының Қобда, Шыңғырлау мен Сырым аудандарындағы қоғамдық тыңдауларда жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің жаңалықтары мен жұмыс қағидаттары туралы айтып берді.


Мамандар «Орал-Ақтөбе» автожолында пилоттық режимде жұмыс істейтін 3 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс жүргізу орталығы орнатылғанын хабарлады. Аркаларда орнатылған жоғары жылдамдықты камералар ақылы учаске бойынша автомобильдердің жүруін, олардың қозғалу жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейтін болады.

Сонымен қатар жолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Жол бойында артық кедергілер қойылмағандықтан кептелістер болмайды. Бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады, - деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі.

Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз тәсілмен және алдын ала төлем бойынша жүргізілетін болады. Бұл да қауіпсіздік саясатының бір бөлігі, өйткені жүргізушілер ақы төлеуге назарын аудармай, алаңсыз көлікті жүргізе береді.


Айта кету керек, жеңіл көлік иелері Орал-Ақтөбе жолын тегін пайдаланады. Жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көлігінен алынатын болады. Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын сервис қызметін де қамтамасыз етеді.

Атап айтқанда, сервистік қызмет жолды тәулік бойы патрульдеуді жүзеге асырады, техникалық және өзге де ақау туындаған кезде жүргізушілерге көмек көрсетеді, жол жабынының, жарықтандыру бағаналарын, жол белгілерінің ақауларын жедел жөндейтін болады. Сонымен қатар жол мен жол инфрақұрылымын қоқыстан және қардан тазартады, жүргізушілерді хабардар ету жүйелерінің жұмысын бақылайды, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйелерін белсенді түрде енгізеді.

Аппараттық-бағдарламалық кешенді енгізумен «Орал-Ақтөбе» жолының ақылы учаскесі өзге автожолдармен салыстырғанда неғұрлым ыңғайлы және қауіпсіз болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...