Коронавирус: Алыпсатарлар маска тапшылығын туындатып отыр

17 Наурыз 2020, 16:30
1851
Бөлісу:
Коронавирус: Алыпсатарлар маска тапшылығын туындатып отыр
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Короновирус індетінің әлем елдерін шарпуы, Қазақстан шекарасына да енуі қорғаныш маскасының тапшылығына әкеп соқтырды. Тіпті, бұл медициналық бұйымның бағасы да шарықтап кетті. Мұндай жағдай Жамбыл облысында да байқалуда. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың "Медициналық бұйымдар мен құралдардың бағасын алыпсатарлар өсіріп жатыр деген дерек те бар" деуі сондықтан.

Жалпы республика аумағында қорғаныс маскасын өндіретін бес кәсіпорын бар екен. Ахуал күн санап күрделенген қазіргі жағдайда олар өндіріс көлемін екі есеге арттырған. Сонда да дәріханалар халықты бетпердемен неге қамти алмай жатқаны түсініксіздеу болып тұр.

Кез келген вирустың таралуынан, жұғуынан қорғанудың ең қарапайым тәсілдерінің бірі – қорғаныш маскасын үнемі тағып жүру. Ал дәріханаларда бұл бұйымның тапшылығы қалыптасқандығы ел ішінде дүрбелең тудырып жатқандығы да рас. Сондықтан да біз Жамбыл облысы аумағындағы Айшабибі ауылында орын тепкен "Super Pharm" фармацевтикалық жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, жұмыс барысымен танысқан едік.

2011 жылы іске қосылған бұл зауыт алғашқы жылдары медициналық бұйымдардың 15 түрін ғана шығарса, қазір фармацевтикалық заттардың 390 түрін өндіреді. Ірге қалаған аз уақыттың ішінде кәсіпорынның өндірістік қуаты артып, жұмыс орны көбейген. Бүгінде онда 280 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал зауыт толық қуатында жұмыс істеуге көшсе, жұмысшы саны 650-ге жетеді.

Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, олар тоқылмаған материалдан жасалған бір реттік стерильді емес "Нәрия" медициналық халаттарын, хирургиялық киімдер жиынтығын, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар шығарады.

Бұдан бөлек, спиртті орамалдар мен бинттер, лейкожапсырмалар, ота жасауға қажетті өзге де құралдар, яғни, қайшы, пышақтар жиынтығын өндіреміз. Қазіргі таңда қорғаныш маскасына деген сұраныстың артуына орай кәсіпорын жұмысын екі есеге арттырған жайымыз бар, - деді ол.
Ал зауыттың қойма меңгерушісі Қанағат Көпеновтің сөзіне қарағанда, кәсіпорын медициналық бұйымдар жасайтын шикізатты іргедегі Ресей Федерациясынан жеткізеді екен.

Біздің тапсырысымыз ол жақтан бір-бір жарым аптаның шамасында келеді. Мәселен, ол мемлекеттен 10 тонна тоқылмаған шикізат алдыратын болсақ, ол алдымен кәсіпорынның бөлу цехына түсіріледі. Содан соң тоқылмаған шикізат жаю цехына жөнелтіліп, кесіліп, пішіледі. Одан әрі тігу цехына барып, дайын өнімге айналады, - деді ол.
маска.png

Күндізгі ауысымның меңгерушісі Гүлнұр Татенова өзінің қарамағында 130 адам еңбек ететінін айтты. Ал тігін цехында 31 тігін машинасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Мұндағы әрбір қызметкердің өзіне жүктелген нормасы бар көрінеді.

Мәселен, бір жұмысшы өз ауысымында 390 халат тігуі қажет. Тігіншілер пішу цехынан келген шикізаттан жүкті әйелдерге, бір реттік
стерильді емес "Нәрия" медициналық халаттарын, хирургиялық киімдер жиынтығын, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған қорғаныш маскаларын тігеді. Бұлардан бөлек, өзге де медициналық заттар, төсеніштер әзірлейміз. Осында еңбек етіп жүргеніме 3 жылдан асып барады. Екі күн жұмыс істесек, екі күн тынығамыз. Жұмысшыларды тасымалдауға арналған автобустарымыз да бар. Түскі тамағымыз да осындағы асханадан үлестіріледі. Зауыт жұмысшыларына бар жағдай жасалған, - деді ол.
Гүлнұр Татенова қазіргі сұранысқа сай бетперде тігу цехының күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын да әңгімеледі. Осыған дейін бұл цехта бір ауысымда 25-30 мың, ал екі ауысымда 50-60 мың қорғаныш маскасын шығарылып келген. Ал бір жылда 35 миллион бетперде дайындалады екен.

Енді қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты бұл цех екі ауысымдық жұмыс жүйесіне көшті. Әр ауысымда 40-45 мың, тәулігіне 90-95 мың қорғаныш маскасы әзірленіп жатыр, - деді жауапты маман.
маскар.png

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, мұнда жұмысқа орналасқан қызметкер жаңа құрылғылар мен техниканың қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстан тегін өтеді екен. Мәселен, Жансая Төлепбергенова осындай курста білімін шыңдап, цехта қорғаныш маскасын тігіп жүр.
Бүгінде елімізде әлем елдерінде тарап жатқан пандемияға орай төтенше жағдай жарияланды. Сол себептен біз де күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілдік. Халықтың қажеттілігін толықтыру үшін барын салып жатыр тігіншілер, - деді ол.
Ал біздің көкейіміздегі "Осында тігілген мыңдаған маскалар неге алдымен Жамбыл өңіріндегі дәріханаларға түспейді?" деген сауалға қойма меңгерушісі Қанағат Көпенов жауап берді. Оның сөзіне сенсек, бұл кәсіпорын "Самұрық Қазына" фармацевтикалық кәсіпорнымен келісімшартқа отырған. Тапсырыс беретін де, бақылайтын да сол мекеме екен. Олар мұнда әзірленген қорғаныш маскалары мен өзге де медициналық бұйымдарды Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларына жеткізеді. Содан соң ғана республиканың түкпір-түкпіріндегі денсаулық сақтау орындарына жөнелтеді. Демек, Жамбыл облысында өндірілген қорғаныш маскасы бұл өңірге Шымкент қаласы арқылы келеді.
Біз өз өнімімізді Тараз қаласы мен аудандардағы дәріханаларға тікелей өткере алмаймыз. Барлық өнім жоғарыда айтқан төрт қалаға жіберіліп, солардағы бөлу орталықтары арқылы аймақтарға таратылады. Соның өзінде дәл қазіргідей ахуалда бетперде тапшылығы сезілмеуі керек еді. Бұл төтеннен пайда болған арадағы алыпсатарлардың бағаны көтеру үшін істеп отырған құйтырғы әрекеті болуы әбден мүмкін. Әйтпесе біздің бір тәулікте өндіретін қорғаныш маскаларымыздың өзі 90 мың дананы құрайды. Тіпті, тапсырыс беруші компанияның жұмысын артығымен орындау үстіндеміз, - дейді қойма меңгерушісі Қ.Көпенов.

Өзгелердің жаңалығы