Бас жаңалықтар
Қорғансыз қорғаушылар
20 Мамыр 2020, 21:16 53

Қорғансыз қорғаушылар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медициналық жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің 100 мың теңге сомасындағы қосымша ақының төленбеуі және коронавирустан қорғанатын құралдармен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуіне қатысты наразылығы БАҚ-та кеңінен жарияланған болатын.

Осы бойынша Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жанындағы Арнайы мониторингтік топ өкілдері мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырысып бақты.

 "103" медициналық жедел жәрдем станциясында өткен мониторинг барысында, қызметкерлерге 30 мың теңге сомасындағы қосымша ақы төленгендігі анықталды.

Бұл ретте, қызметкерлердің COVID-19 коронавирусынан қорғану құралдарымен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі расталды. Қоғам белсенділерінің өтініші бойынша станция басшылығы қызметкерлерге пайдалануға берілген қорғаныс құралдары есепке алынатын "Кезекші ауысымдардың журналымен" танысуға рұқсат берген. Мониторинг көрсеткендей, аталған журнал 2020 жылдың 16 мамырында, яғни, "КТК" телеарнасында сыни материалдың жарияланғанынан кейін ғана жүргізіле бастаған. Орын алып отырған жағдай, станция басшылығы, сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аталған саладағы тиісті бақылау мен есепке алудың жоқтығын көрсетіп отыр. Тиісінше сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алуы ғажап емес - делінген Ақтөбе Антикор орталығының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Тіпті, жоғарыда аталған журнал, әдетте барлық мемлекеттік ұйымдарда жасалып жүргендей, нөмірленбеген және тігілмеген. Станция қызметкерлерімен жүргізілген әңгімелесу барысынан қорғаныш құралдарының мәселе БАҚ-та жарияланғаннан кейін ғана беріле бастағанын білуге болады.

Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қосымша ақы төлеуге қатысты тиісті есеп айрысулар жүргізіліп, жуық арада жүзеге асырылатындығын мәлімдеп отыр.

Мониторинг анықтағандай, жұмысшыларға бұған дейін төленген қосымша ақыдан жеке табыс салығы ұсталған, сәйкесінше бұл жағдай олардың наразылығын тудырып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына сәйкес эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері ЖТС мен басқа да аударымдардың объектісі емес.

Ал сыбайлас жемқорлық тәуекелі неде?

Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, жедел жәрдем қызметкерлеріне төлемдерді жүзеге асырудың нақты тәртібінің болмауы, сондай-ақ COVID-19 коронавирусынан қорғану құралдарын тиісті есепке алудың, жүзеге асыру процесіне бақылаудың болмауы - жымқыру фактілеріне әкелуі мүмкін.

Қоғамдық мониторинг қорытындысына сәйкес, облыстық әкімдікке өз ұсыныстарымызды жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде әділ шешімдер қабылданады деген үміттеміз - деді, арнайы мониторингтік топ басшысы Тәттігүл Талаева.

Фото: дереккөз
Загрузка...