Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында ведомство басшысы Алик Шпекбаевтың төрағалық етуімен "Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсе қызметінің 10 айдағы қорытынды отырысы өтті.
Сондай-ақ, жобаның ары қарай даму бағыттары қоғам белсенділерімен талқыланды.
Жобаның басты идеясы – тұрмыстық жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық идеологиясын ауқымды деңгейде кеңейту бағытталған қоғамдық бақылауды күшейту.
Өткен кезеңде жобалық кеңселерге жүгінген 3 мыңнан астам азамат өзінің бұзылған құқықтарын толығымен қалпына келтіріп, мәселелерін оң шешті.
Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қол жетімділігін арттыру үшін ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылуда, 686 мемлекеттік органдар кабинеттік жүйеден Open Space форматына ауыстырылды, 3774 мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары мемлекеттік органдардың бірінші қабаттарына көшуі жүзеге асырылды. Қоғамдағы сенім атмосферасы – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдың бір тетігі болып табылады. Ол үшін алғашқы қадамдар да жасалған, мысалы еліміз бойынша 4344 "сатушысыз дүкен" бар. Бұл – сатып алушыға деген сенімнің, ал оның тарапынан жауапкершілік пен адалдықты күту, - деді Алик Шпекбаев.
Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді бөлу және үнемдеу мақсатында әкімшілік шығындарды азайту жолымен мемлекеттік органдарды, медициналық, білім беру мекемелерін трансформациялау өз жалғасын табуда.
Штат санын оңтайландыру және қайталанатын функцияларды алып тастау жолымен мемлекеттік мекемелерді трансформациялаудың табысты тәжірибесі бар. Мысалы, Алматы қаласында медициналық мекемелер директорлары орынбасарларының қырыққа жуық лауазымдары оңтайландырылды, соның нәтижесінде бюджетті үнемдеу 116 млн теңгені құрады.
Бүгінгі таңда "Адалдық алаңы" жобасы еліміздің барлық өңірлерінде және орталық мемлекеттік органдар деңгейінде жүзеге асырылуда.
Жақын арада барлық министрліктер мен ведомстволарда "Адалдық алаңы" жобалық кеңселерінің ашылуы күтілуде.
Агенттіктің Төрағасы өз сөзінде, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына "Тыңдаушы мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жақындағы жолдауындағы сөздерін ерекше атап өтті.
"Адалдық алаңы" жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы "көпір" дегенді білдіреді, оның арқасында қоғам өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясат жөнінде өз көзқарасын ғана емес, оны іске асыруға тікелей қатыса алады, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Бүгінде "Адалдық алаңы" жобадан жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа ауысуда.