Бас жаңалықтар
Сапарбаев оңтүстіктің жас мамандарын солтүстікке қоныс аударуға шақырды
PHOTO
25 Қазан 2019, 21:10 371

Сапарбаев оңтүстіктің жас мамандарын солтүстікке қоныс аударуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президентінің халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында Түркістан облысына келген жұмыс тобы өңірдегі жастармен кездесу өткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Жастар жылының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

d63ecf95-5e7e-4fa9-8b48-6c5d929a460d.jpg

Түркістан қаласындағы Жастар орталығында өткен кездесуде Үкімет басшысының орынбасары жоғары және колледж студенттеріне "Дипломмен ауылға" және "Серпін" бағдарламаларының мүмкіндіктері туралы айтып берді.

"Бүгінде Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналды. Тағы 10 жылдан кейін қала адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Бұл қала сіздер үшін салынып жатыр. Сондықтан рухани астананың өкілі ретінде түркістандық жастар бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс", - деді Бердібек Сапарбаев.

Премьер-министрдің орынбасары сонымен қатар, оңтүстіктегі жастарды солтүстік өңірлерге көшіру мәселелері мен оның тиімді жолдарын атап өтті. Ол жақтағы жастарға біршама жағдай жасалып жатқанын жеткізіп, жас мамандарды сонда қоныс аударуға шақырды.

Сондай-ақ, келер жылдан бастап волонтерларға әлеуметтік несиелер берілетінін және стипендия көлемі 30%-ға артатынын жеткізді. Қазақ жастарының білімі мен мәдениетін талапқа сай қалыптастыру жайын да қамтыды.

"Біздің жастар шет тілдерін еркін меңгерген, заман талабына сай білім алған болуы керек. Сонда ол жас әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады. Президент Жолдауда дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай Үкімет "Ел үміті" атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды 1 мың бала іріктелініп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынады. Олардың отансүйгіштік тәрбиесі мен лайықты әрі терең білім алуына жағдай жасалады", - деді вице-премьер.

Кездесуде жастар өздерін толғандыратын мәселелер жөнінде сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

24c0d206-5215-47e0-b3bc-47beed4f1024.jpg

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелері Түркістан облысына барғанын хабарлаған болатынбыз.


Фото: дереккөз
Загрузка...