Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар саны азайған

14 Тамыз 2019, 18:27
1673
Бөлісу:
Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар саны азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар саны 9 мыңға дейін азайған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Бір қуантарлық жайт, азаматтарымыз Оңтсүтік Корея билігі ұсынған «жасыл дәлізді» қолданады. Егер біз жарты жыл бұрын корей тарапынан анықталған мәліметте заңсыз 12 мың адам десек, бұл цифр 9 мыңға дейін азайды. Болашақта бұдан да азаяды деген үміт бар. Себебі сол жерде заңсыз болған азаматтарымызға ақпарат жетіп, өздерінің мәртебелерін түсініп жатыр. Олар енді заңды жұмыс істеу үшін баруды қалайды. Басқа елде заңды негізде жұмыс іздеу бұл қалыпты құбылыс, әлемдік миграциялық процесс», - деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте. 

Ол интернетте Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу қызметін ұсынатын компаниялардың барын айтты. Мұндай компаниялар көрсеткен қызметі үшін 4 мың АҚШ долларына дейін ақша алады және клиентіне ешқандай кепілдік бермейді. 

«Олар клиенттеріне «жұмысқа орналасасың» деп уәде етеді. Азамат Кореяға заңсыз барған соң бұл компанияға қарсы келуге құқығы жоқ. Өз ақшасына үйіне қайту үшін ол осы соманы бәрібір табады. Бұл адамдар ішкі істер органдарына хабарласса, мұндай компанияларды тексеруге болатын еді. Өйткені ішкі істер органдары адамдардың өтінішінсіз тексеру жүргізе алмайды. Сол себепті азаматтарымызға құқықтарын қорғауын сұраймыз. Егер компания қызмет көрсетемін десе, толық көрсетуі тиіс. Бірақ азаматтар заңсыз мәртебелерін жасыру үшін әрі қарай барғысы келмейді», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР СІМ шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі делдал алаяқтардан сақтануды ескертті.

Өзгелердің жаңалығы