Онлайн ойын. Ақылы ойындарға қандай жаста көбірек ақша жұмсайтыны белгілі болды

Онлайн ойын. Ақылы ойындарға қандай жаста көбірек ақша жұмсайтыны белгілі болды
10659

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Әлеуметтану» мамандығы бойынша 2-курс PhD докторанты Сымбат Қалдыбек жастар мен балалар арасындағы интернет-тәуелділіктің, кибербуллингтің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша талдамалық баяндаманы таныстыруға арналған брифингте айтты.

Жасөспірімдерді стратегиялық ойындарды ойнау қатты қызықтыратыны осыған дейін анықталған болатын. Оқушылар арасында сұранысқа ие ТОП-10 ойынды анықтадық. Жасөспірімдер мен оқушылар арасында танымал ойындарды іріктеп алдық. Топ жарып тұрған «Free Fire» ойыны екен. Тізімде «Майнкрафт», «Counter-Strike» та бар. «Free Fire» виртуалды шынайылыққа негізделген. Бір-бірімен тілдесе отырып, шытырман оқиғаға тап болады. Алғашқы кезеңнен өткен соң, келесі кезеңі ақылы болады екен. Ол ойынды жалғастыру үшін жасөспірімдер ақша жұмсайтыны анықталды, - деді ол.
Сымбат Қалдыбектің айтуынша, балалар арасында ойынға ақша жұмсау сауалнамасы да өткізілді.
Ол бойынша стратегиялық ойындарға көп ақша тігілетіні анықталды. Бұл ойындарға деген тәуелділікті гендерлік тұрғыда салыстыратын болсақ, ер балалар қыздарға қарағанда онлайн ойындарға көбірек ақша жұмсайтыны белгілі болды. Яғни, ақша салатындардың 70 пайызы ұлдар болып есептеледі. Айына қанша ақша жұмсалатыны да анықталды. 13-15 жас аралығындағы балалар 500 теңгеден кем, 17-18 жастағылар 3 мың теңгеден жоғары ақшаны жұмсайды екен. Жас мөлшері артқан сайын тәуелділік те артатыны анықталды, - деді ол.
Айта кетейік, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесіп «Жастар мен балалар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып жатыр.

Бұған дейін белгілі профессор бала 4 сағаттан астам интернетте отырса, ол тәуелді деген сөз екенін айтқан болатын.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы