Елімізде онлайн бақылау-касса машиналары қолданысқа енгізіледі – Смайылов

28 Қаңтар 2019, 11:43
2809
Бөлісу:
Елімізде онлайн бақылау-касса машиналары қолданысқа енгізіледі – Смайылов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық  технологиялар» тақырыбында үкімет сағаты өтіп жатыр. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов елімізде осы салада қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Контрафактілік өнімдерден қорғау, бизнестің бәсекелестік жағдайларын теңестіру және көлеңкелі экономика көлемін қысқарту мақсатында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилот жүргізілді. Оның оң нәтижелерін көріп отырмыз. 250 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған. Тері бұйымдарын декларациялайтын импорттаушылардың саны 40 процентке өсті (63-тен 90-ға дейін). Табысты төмендетіп көрсететін салық төлеушілер анықталды. Патент негізінде қызметін жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қысқарды (247-ден 19-ға дейін). Импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдері 1,5 есе өсті (372 млн теңгеден 516 млн теңгеге дейін). 2018 жылғы қазанынан бастап темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилот басталды. Биыл дәрілік заттарды таңбалау бойынша пилот басталады. Осы бағыттағы жұмыс «Еуразиялық Экономикалық Одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы» келісімді ратификациялау кезінде депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып жалғасын табады», - деді Смайылов. 

Министрдің айтуынша, онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану импорттан (өндірістен) тұтынушыға сатқанға дейін тауарларды қадағалау жүйесінің соңғы сатысы саналады. Бүгінгі күні қолданылатын фискалдық жадысы бар бақылау-касса машиналары Қазақстанда 1995 жылдан бастап қолданылады. 

«Технологиялардың дамуын ескерсек, олар техникалық түрде ескірді. Жаңа технологияларды енгізу, оның ішінде онлайн бақылау-касса машиналарын қолдануға көшу, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің салық әкімшіліктерін цифрландырудың ажырамас бөлігі саналады. Онлайн бақылау-касса машиналары сауда түсімінің мәліметтерін тіркейді және оларды мемлекеттік кірістер органдарының серверіне онлайн режимде береді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе онлайн бақылау-касса машиналарын жаппай қолдану мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру бойынша шешім қабылданды. Сондай-ақ, халық үшін екінші деңгейдегі банктер бонустарды (cash back) есептеу және лотереялар өткізу арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды ынталандырады. Ал бизнес үшін онлайн бақылау-касса машинасын сатып алу кезінде төленген салық сомасын оның құнына азайту бойынша заң нормасы қабылданатын болады. Сонымен қатар, фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілетін болады. Бүгінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы ғана оператор болып отыр. Сонымен қатар, смартфондағы мобильді онлайн бақылау-касса машиналарын дамыту іске асырылуда. Онлайн бақылау-касса машинасын енгізу өз тиімділігін көрсетті. Астанада пилот ретінде 1700 кәсіпкерлік субъектісі іріктелді. Олар күніне бір ақ чек шығарып, күн сайын бірдей кішкентай соманы көрсететін. Онлайн бақылау-касса машина ақпараттарының негізінде олардың ресми түсімдері 3 есе артты (68 млн теңгеден 171 млн теңгеге дейін). Бюджетке осы бастаманың арқасында тек былтырғы екінші жартыжылдығында қосымша 1 млрд теңге түсті», - деді Әлихан Смайылов.

Ведомство басшысының айтуынша, енді салықтардың жиналуын 2018 жылғы 16,9 проценттен 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 25 проценттіне дейін арттыру мақсатықойылған. Абсолюттік мәнде бұл 2025 жылға дейін 5,5 трлн теңге бюджетке қосымша түсім береді.

Бұған дейін министр 2025 жылы қаржы қызметтерінің 95%-ы электрондық форматта көрсетілетінін айтқан болатын. Бұған қоса, көлеңкелі экономика үлесін қысқарту жолдарын атаған еді.
Қымбат Елтайқызы
Фото: Бауыржан Жуасбаев 
Өзгелердің жаңалығы