Онкологиялық қызметтің 60 жылдығы: 300-ден астам маман дайындалды

10 Желтоқсан 2020, 18:26
1893
Бөлісу:
Онкологиялық қызметтің 60 жылдығы: 300-ден астам маман дайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматы қаласында 10-11 желтоқсан күндеріне жоспарланған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОжРҒЗИ) 60 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең»  атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция басталды.

Мерейтойлық конференцияға республиканың жетекші онколог-ғалымдары қатысып, онкологиялық қызметтің 60 жылдығы негізгі жетістіктері, қатерлі ісіктердің (ҚІ) дамуы мен эволюциясындағы жаңа ғылыми жаңалықтары, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің заманауи медициналық технологиялары, қатерлі ісікті дербестендірілген емдеудің инновациялық әдістері, сәулелік терапияның жоғары технологиялық әдістері және хирургия, таргеттік терапия және иммуноонкологияның заманауи жетістіктері, онкологиялық пациенттерге оңалту және паллиативтік көмек көрсету мәселелері, онкологиялық көмекті ұйымдастыру мәселелері, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, сондай-ақ онкологиялық пациенттерге көмекті дамыту перспективалары, COVID-19 пандемиясы жағдайында онкологиялық көмек көрсету мәселелері ұсынылады. 

Шара барысында «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова институттың негізін қалағандардың құрметіне институт бұрышынан музей ашылғанын айтып өтті.

Онкоқызмет институтының дамуына үлес қосқан әрбір директордың еңбегі орасан. Біз үшін институтымыздың әр басшысы жайлы естелік аса қымбат. Оқу процесі басталғалы бері резидентураны 300-ден астам жас маман тәмамдап, бүгінде елдің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етіп келеді. Институт түрлі халықаралық тренингтер, шеберлік сыныптары мен симпозиумдар өткізіп тұрады. 2017 жылы институт онкологтар қауымдастығын құрды, ол бүгінде бірқатар халықаралық ұйыммен тығыз қарым-қатынаста. Сонымен қатар институтта 2002 жылдан бері «Онкология және радиология» ғылыми-тәжірибелік журнал шығып келеді, - деді ол.

Басқарма төрайымы конференция аясында онкология және радиология саласының ардагерлері мен жас мамандарын алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кету керек, екі күндік конференция шеңберінде онкогинекология, маммология және онкоурология бойынша мастер-кластар (life surgery) өткізу жоспарлануда.

Конференцияда Австралия, АҚШ, Испания, Швейцария, Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Беларусь, Корея, Италия, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші сарапшылары баяндамалар жасайды.

Өзгелердің жаңалығы