Өндіріп алынған мүлік банк балансында 3 жыл тұрады
11 Мамыр, 11:44 687

Өндіріп алынған мүлік банк балансында 3 жыл тұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өндіріп алынған мүлік банктердің және микроқаржы ұйымдарының балансында 3 жыл тұрады.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Заң жобасында жеке инвесторлардың сатып алынатын қарыздарды сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру міндеті көзделеді. 

Сенімгерлік басқаруға беру бойынша талап бірнеше проблемалық кредитке қолданылады. Біріншіден, дара кәсіпкерлердің қарыздарына. Екіншіден, заңды тұлғалардың берешегі 16,5 мың айлық есептік көрсеткіштен немесе 50 млн теңгеден аспайтын қарыздарға. Үшіншіден, инвестор бейрезидент болып табылса, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның сөзінше, қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылады. Осылайша, қарыз алушылардың құқықтары жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қорғалады.

Сонымен қатар заң жобасы өндіріп алынған мүліктің банктердің және микроқаржы ұйымдарының баланстарында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді. Бұл банктерді және микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырады, - деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...