Омикрон. Штамның белгілері байқалса, не істеу керек?

10 Қаңтар 2022, 15:39
2402
Бөлісу:
Омикрон. Штамның белгілері байқалса, не істеу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева «Омикрон» штамына ұқсас белгілер байқалса, не істеу керектігін айтты.

Коронавирус инфекциясының бұл штамы жоғары контагиозды, яғни жылдам жұғады.  «Дельта» штамға қарағанда 70 есе жұқпалы. ДДСҰ таратқан мәліметтерге сүйенсек, бұл штамның ерекшелігі – ең алдымен, шаршағыштық, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, тамақтың ауырсынуы байқалады. Егер мазаңыз қашып, осы белгілерді аңғарсаңыз, үй карантинінде қалған дұрыс. Учаскелік дәрігерге, тиісті емханаңызға жүгініңіз немесе жедел жәрдем шақырыңыз, – деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол кез келген қоғамдық орынға барған кезде бетпердені шешпеуге, лажы болса, үйде қалуға кеңес береді.

Егер таңертең ұйқыдан оянғаныңызда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, үйден шықпаған абзал. Ауырған адаммен байланысқан болсаңыз, дәрігерге жүгініңіз. Вирусты әрі қарай басқаларға жұқтырып, таратудың қажеті жоқ, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жанна Пралиева індеттің жаңа штамымен күресу үшін вакцинация мен қайта екпе салдырудың маңыздылығын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы