Бас жаңалықтар
Омаров Тоқаевқа құс тұмауының таралуына қатысты проблема шешілгенін айтты
27 Қазан 2020, 18:49 139

Омаров Тоқаевқа құс тұмауының таралуына қатысты проблема шешілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қабылдады, деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.

Мемлекет басшысына еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы және биылғы 9 айдың ішінде министрлік атқарған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берілді.

Ауыл шаруашылығы министрі жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы ішкі өнімнің көлемі 5 пайызға артып, 4,4 триллион теңгені құрағанын, ал азық-түлік өнімдері 3,5 пайызға, яғни 1,4 триллион теңгеге дейін ұлғайғанын хабарлады. Сондай-ақ министр ауыл шаруашылығының негізгі капиталына және азық-түлік өндірісі саласына тартылған инвестициялардың көлемі 15 пайыздан артып, 445 миллиард теңгеден асқанын айтты, - делінген хабарламада.

Сапархан Омаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа импортты алмастыру саясатын жүзеге асыру барысы туралы мәлімет берді. Министрдің айтуынша, бүгінде тауардың алты бағыты бойынша импортқа тәуелділік байқалады. Үкімет бекіткен жоспарларды орындау арқылы үш жыл ішінде импортты алмастыру мәселесін шешуге болады.

Сонымен қатар Президентке құс тұмауының таралуына қатысты проблеманың шешілгені туралы айтылды. Министр ұсынған мәліметтерге сәйкес аталған аурудың таралуы толығымен жойылған, құстардың өлім-жітімі бойынша төленетін өтемақы мәселесі тиісті ведомствоның бақылауында тұр.

Ауыл шаруашылығы министрі алдағы бес жылдықта агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндады. Аталған жобаны іске асыру ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сапархан Омаровқа қайта өңделген өнім экспортын арттыруға, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін жоғарылатуға, еліміздің шаруалары өндірген тауарлар үшін жаңадан өткізу нарықтарын ашуға және ветеринария саласындағы бақылауды күшейтуге қатысты бірқатар тапсырма берді.



Фото: дереккөз
Загрузка...