Баландин 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды

29 Сәуір 2019, 19:46
1960
Бөлісу:
Баландин 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүзуден Қазақстан командасының жетекші спортшысы Дмитрий Баландин Халықаралық су спорты турлері федерациясының (FINA) Champions Swim Series атты жаңа турниріне қатысты. Әлемдік жарыстың бірінші кезеңі Гуанчжоуда өтті. Екі финалдық сайысқа қатысқан Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қола медаль жеңіп алып, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу нормативін орындады, деп хабарлады Olympic.kz.

Брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысында берілген қашықтықты 2:09.37 уақытымен жүзіп өткен біздің спортшы төртінші нәтижені көрсетті. Ал нормативінің уақыты - 2:10.35. Осылайша қазақстандық спортшы осы жетістігінің арқасында Токиодағы Олимпиада ойындарына жолдама алды. 

Осы қашықтықта 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ресейлік Антон Чупков 2:07.48 уақытымен жеңімпаз атанды. Екінші орында қытайлық Цин Хайянь. Оның уақыты - 2:08.31. Жапониялық Иппэй Ватанабэ 2:09.33 көрсеткішімен үшінші орын алды. 

Дмитрий Баландин сондай-ақ 4х100 метр аралас эстафетасына қатысты. Бұл сайыста ол қола медаль иеленді. 

"Swim Series турнирінің алғашқы кезеңінен үлкен әсер алдым. Шоу өте жоғары деңгейде екенін көрініп тұр. Спортшыларға да, жанкүйерлерге де өте қызықты. Осы жарыс арқылы Олимпиада ойындарына дайындалып жатырмын. Турнирге қатысып жатқан әлемнің үздік спортшыларымен жарысу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. 200 метрге брасс әдісімен жүзу және эстафета сайысына қатыстым. Эстафетаға қатысатын командалар жеребе арқылы жасақталды. Менімен бірге ресейлік спортшы және Австралия мен Ұлыбританияның жүзушілері болды. Жеңіске жетуге де болушы еді, сәл ғана қарсыластарға есе жіберіп қойдық",- деді Баландин.


Баландин 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды

Айта кетейік, бұл турнирге нормативтерді орындау арқылы қатысу мүмкіндігі жоқ, тек үздіктер арнайы шақыртумен бағын сынай алады. Жарысқа олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары, рекордшылар мен FINA-ның былтырғы рейтингінің көшбасшылары ғана қатысып жатыр. 

Бірегей турнирдің екінші кезеңі 11 мамырда Будапешт қаласында өтеді. Әлемдік серияның соңғы кезеңі 31-мамыр мен 1-маусым аралығында АҚШ-тың Индианаполис қаласында болады. 


Өзгелердің жаңалығы