Біртанов: Өлімге екпенің себеп болғанын растайтын ананың сөзінен басқа дәлел жоқ

13 Желтоқсан 2019, 16:14
1959
Бөлісу:
Біртанов: Өлімге екпенің себеп болғанын растайтын ананың сөзінен басқа дәлел жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызылшаға қарсы екпенің дұрыс жүргізбеу салдарынан болуы ықтимал бала өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталғанын айтты. 

Бұл туралы ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде тілшінің сауалына жауап берді. 

Біз қазаға көңіл айтамыз, отбасы үшін баладан айырылу – ауыр қайғы. Денсаулық сақтау министрлігі бұл істі тергеу бойынша барлық қажетті іс-әрекетті жасайды, - деді Елжан Біртанов.

Ол тергеу жүргізу үшін белгіленген заңнамалық рәсімдер бар екенін түсіндірді.

Бүгінгі күні өлімге вакцинациялау себеп болғанын растайтын ананың сөзінен басқа дәлел жоқ. Ол жеткіліксіз екенін өздеріңіз түсінесіздер. Мұндай мәлімдемелер қоғамда резонанс тудырады. Жағдайды өзім қадағалаймын, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы да бұл мәселемен тікелей шұғылданады, - деп толықтырды Біртанов.

Қазіргі күні денсаулық сақтау министрлігі бұл істі құқық қорғау органдарымен бірге тергеп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, өкінішке қарай, баланың жүрегінде өте ауыр патология болған. Ол дәлелденді, құжаттамада көрсетілген. Мұнда эмоция мен объективті тергеуді ажыратып алу керек. Нәтиже шыққан кезде біз тиісті брифинг өткізіп, ақпарат беруге дайынбыз, - деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне сүйенсек, кез келген дәрі-дәрмекті қолданудың жанама әсерлері болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан айының басында Instagram желісін қолданушы көмек сұрап жазба қалдырған болатын. Ол өзінің баласы Нұр-Сұлтандағы клиникалардың бірінде қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін қайтыс болғанын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы