Өлгеннің артынан өлмеймін десең, барынша сақтан - депутат

29 Маусым 2020, 19:01
2192
Бөлісу:
Өлгеннің артынан өлмеймін десең, барынша сақтан - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы қазіргі жағдайда қайтыс болған адамды ең жақындары ғана жерлеу керек және ас беріп, адам жинамау керек деп санайды. Ол бұл ойын Facebook-тегі парақшасында жазды.

Осыдан бір жұма бұрын бірге қызмет жасайтын азаматтың әкесі қайтыс болып елге сұранып кетті. Мен оған індетке байланысты жағдайдың өте күрделі екенін, мүмкіндік болғанша, ағайындар топырламай кейін де көңіл айта береді ғой, соны дұрыстап түсіндірерсің оларға, үйде мүлдем дастархан жаюға болмайды, айналайын, соны ескерерсің дегенмін. Өкінішке қарай, естігенім топырлаған бірнеше жүздеген адам жиналған, аста-төк дастархан жайылған. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласынан сап сау барған азамат әйелімен бірге індет жұқтырып, ауруханадан бір ақ шықты, - дейді Мұрат Бақтиярұлы. 

Оның айтуынша, сонда жиналған адамдардың көпшілігі індет жұқтыруы мүмкін. 

Ағайын бұл індет соғыстан да жаман. Соғыста жауынды көресің ғой, бұл мылтықсыз майдан. Ағайынға, өзіне, отбасына жаның ашыса, жақындама, араласпа. Бүкіл той дегенді бастан шығарып таста. Қайтыс болған адамды ең жақын туыс бес-алты адам да жерлейді. Өлгеннің артынан өлмеймін десең, барынша сақтан. Өз өмірің өз қолыңда екенін ұмытпа, - дейді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы