Бас жаңалықтар
Қолайлы мерзімді өткізіп алмау керек – Бердібек Сапарбаев
08 Сәуiр 2020, 06:13 221

Қолайлы мерзімді өткізіп алмау керек – Бердібек Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жамбылда ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруға не кедергі? Бұл туралы облыс басшысының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, пилоттық жоба облыстың он ауданындағы 11 ауылдық округті қамтуда. Жобаға қатысуға 2459 тұрғын ниет білдірген. Бүгінгі күнге барлығы 2933 өтінім түссе, жалпы сомасы 8 миллиард 299 миллион теңгені құрайтын 2437 өтінім мақұлданып, қаржыландырылған.

Жоба аясында бюджеттен бөлінген қаржы ауыл маңындағы және үй ауласындағы жер учаскесін тиімді пайдалануға, мал шаруашылығын дамытуға, құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін техника мен жабдықтар сатып алуға бағытталған. Бұл орайда қаржы шаруаларға жеткен. Алайда барлық ауданда жұмыс белсенді жүргізілмеген. Ал, Қордай мен Мойынқұм аудандарында ауыл шаруашылығы алқабын пайдалану жұмыстары нақты іс жүзінде әлі басталмаған. Келісімшарт талаптары бойынша шотқа ақша түскеннен кейін 10-15 күн ішінде қатысушылар мал сатып алуға тиісті болғанымен, Байзақ, Сарысу, Қордай және Шу аудандарында ол жұмыстар өз мерзімінде орындалмаған.

Тұрғындар табыстарын арттыруға, ол үшін аянбай жұмыс жасауға ниет білдірді. Мемлекеттен оларға қолдау көрсетіліп, қаржы бөлінген. Облыс басшысы сала мамандарынан жобаның бастапқы кезеңінде аталған келеңсіздіктерге неге жол берілгендігін сұрады.

Аймақ әкімінің сауалына Байзақ, Сарысу, Қордай және Мойынқұм аудандарының басшылары жауап берді. Аудан әкімдері ұйымдастыру жұмысын күшейтетіндіктерін мәлім етті. Дегенмен рұқсат етілген мерзімдер аяқталған.

Бұл жобаға республика деңгейінде айрықша назар аударылып отырғандығын білесіздер. Бізге көрсетілген қолдау мен сенімді ақтау қажет. Барлық бес бағыт бойынша жұмысты жандандыру қажет. Әсіресе, егін шаруашылығына ден қойып, егін егу үшін қолайлы мерзімді өткізіп алмау керек. Мал басын көбейту, оның өнімділігін арттыру да маңызды міндет болып табылады, - деді Б. Сапарбаев.



Фото: дереккөз
Загрузка...