Ол "ерекше бала" болатын – мектеп директоры "Хан Шатырда" қаза болған қыз туралы

6 Маусым 2019, 18:11
3628
Бөлісу:
Ол "ерекше бала" болатын – мектеп директоры "Хан Шатырда" қаза болған қыз туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Хан Шатыр» ОСО-да қаза болған 9 жасар қыз "ерекше бала" болатын. Бұл туралы қыз бала оқыған мектеп директоры Марзия Ташенова айтты, деп хабарлады Bnews.kz.

Директордың сөзінше, ол өте момын және сабырлы қыз болатын.  Қыз бала бірінші сыныпқа екінші рет барған. Бұған дейін ол басқа мектепте 1-сыныпты оқығаны белгілі болды. 9 жасар қыз көпбалалы отбасының тұңғышы болған.

«Бұл қыз бала үйінің тұңғышы болатын. Ол бізге № 52 мектептен 1-сыныпты қайта оқу үшін келген. Шын мəнінде 9 жасар қыз бала басқа сыныпта оқуы керек болатын. Дегенмен, сіңлісімен бірге бірінші сыныпқа келді. Қыз бала біздің мектепке онлайн-тіркеу арқылы келді. Қыздың анасынан «Бұндай жастағы қыз бала неге бірінші сыныпқа барады? деп сұрағанымызда, анасы оның қазақша мектепке барып, ештеңе меңгермегенін және орыс тілінде қайта оқытқысы келетінін, сондай-ақ сіңлісімен бірге оған оңайырақ болатынын айтты. Бір айдан соң қыздың денсаулығында кінәрат барын түсіндік. Баланың денсаулық паспорты «тап-таза», ешқандай диагноз жоқ болды», - деді Марзия Әкімқызы.

Директордың сөзінше, қыздың анасы баласының ауруын мойындамаған, алайда дәрігерлердің қорытындысынан кейін қызының диагнозымен келісті.

«Заң бойынша, біз баланы қандай да бір тексеруден өткізуге немесе ауруы бойынша тіркеуге қоюға құқығымыз жоқ. Оқу жылы аяқталған соң, мектеп бағдарламасын меңгере алмаған балаларды тексеруге жіберуге мүмкіндігіміз бар. Баланың денсаулығында кінәрат болды, дегенмен, қыздың анасымен сынып жетекшісі қанша сөйлессе де, ол бәрі жақсы деп айтқан. Қыз бала сабақ үстінде ұйықтап қала беретін болған. Сәуірдің соңында баланы медициналық тексерістен өткізетін комиссияға жібердік. Комиссия қыздың психикалық дамуында органикалық генезді тежелу бар деген қорытынды жасады», - деді мектеп директоры.

Директордың пікірінше, ауруына қарамастан қыз балаға мектепке барған ұнаған. Оның сабақ оқуына кішкентай сіңлісі жәрдемдескен.

«Қыз бала өте момын, көп шуламайтын еді. Оған мектепке бару қатты ұнайтын. Оның анасы баласының жақсы ұжымға келгеніне қуанышты болған. Біз инклюзивті мектеп болғандықтан, баланы оқытудың жолын таба білдік. Қыздың анасына оның лагерьге бармағаны дұрыс деп айтқанда, бала жылап барғысы келетінін айтқан. Біз қорықсақ та, бұл баланы лагерьге қабылдаған едік», - деп атап өтті ол.

Марзия Әкімқызының сөзінше, балалардың ата-аналары "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығын өздері таңдаған. Алайда, ешкім мұндай қайғылы оқиға болатынын білмеді.

"Сол күні график бойынша бассейнге бару жоспарланған болатын. Ата-аналар өздері бассейнді таңдады. Біз тізімін ұсынамыз, олар таңдайды. Ата-аналар бұл жерді лагерьлерге жеңілдік беретін болғасын таңдады. Мектепте бізде мемлекеттік емтихандар болып жатты, мен сонда едім. Сынып жетекшісі жүгіріп келіп "Хан Шатырдан" хабарласты, қыз баланың жағдайы нашар екенін айтты. Біз бірден қыздың анасына хабарластық. Ол кішкентай балалардан шыға алмайтынын айтып, осы мәселені өзіміз шешуімізді өтінді. Кейіннен дәл сол сынып жетекшісі келіп, жағдайдың қиын екенін, мектеп медбикесі қатты қобалжып тұрғанын айтты. Мен қыздың үйіне барып, анасын балаларымен қоса машина отырғызып, ойын-сауық орталығына алып бардым. Біз жақындай бергенде, маған медбике хабарласып, қыздың қайтыс болғанын айтты», - деп түсіндірді директор. 

Оның айтуынша, қыздың өлімі әлі күнге дейін «Хан Шатырда» болған ата-аналар үшін де, мектеп мұғалімдері үшін де жұмбақ болып келеді.

"Қыз бала еш жерге соғылмаған. Дәл сол кезде не болғанын ешкім байқамаған. Барлық тәрбиеші мен 3 құтқарушы сол жерде болған. Қыз бала басқа балалармен бірге суға түскен. Оның жоғалып кеткенін ешкім көрмеген. Біздің ойымызша, оның денесі құрысып қалған. Тәрбиешілердің сөзінше, бала суда тырбаңдамаған, ешкім ештеңе естімеген. Қаза болған қыз сіңлісімен бірге болған, дегенмен ол да оның жоғалғанын байқамаған. Дәрігерлер әпкесін құтқаруға әрекет жасап жатқанда ғана сіңлісі мән-жайды түсінді. Видеоны полицейлер алып алды, бізге оны көрсетпеді», - деп айтты Марзия Әкімқызы.

Директордың айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін 30 оқушы лагерьге келуін тоқтатты. Марзия Әкімқызы қаза болған қыздың отбасын жақсы жағынан сипаттады.

«Отбасы өте жақсы, балалардың бәрін мәпелеп өсіріп отырғаны көрініп тұр. Менің білуімше, әкесі әртүрлі жұмыстарды атқарады, анасы кірпік өсірумен айналысады. Бұл қарапайым отбасы. Ешқашан көмек сұраған емес. Қыздың анасы Петропавл қаласының тумасы. Осы жерде пәтер жалдап тұрады. Қызды сол жаққа жерледі. Мектеп тарапынан мәйітті Петропавлға жеткізуге және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетілді», - деп қорытындылады директор.

Айта кетейік, «Хан Шатырдағы» Sky Beach Club бассейнінде 3 маусым күні 1-сынып оқушысы суға батып кетіп, қаза болды.

 

Өзгелердің жаңалығы