Оқулықты әзірлейтін мамандар курстардан өтеді – БҒМ

22 Шілде 2021, 11:02
3040
Бөлісу:
Оқулықты әзірлейтін мамандар курстардан өтеді – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқулықтарды әзірлеу және сараптау жөніндегі мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.


Білім және ғылым министрлігі халықаралық консорциуммен бірлесіп, мамандар үшін арнайы тренингтер ұйымдастырды. Нәтижесінде, олар оқулықтарды әзірлеу мен сараптаудың халықаралық тәжірибесімен танысады. Бұл болашақта оқулықтарды тексеру тәсілін жетілдіруге ықпал етеді.

Бүгінгі таңда Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының 40 жетекші сарапшысы курстан өтті.


Оқулықтар оқушылар мен ата-аналардың сұраныстарына сәйкес болуы керек. Сондықтан қазақстандық оқулықтарға қатысты шағымдар санын азайту үшін жоспарлы жұмыс жүргізетін боламыз. Оқыту барысында қазақстандық және шетелдік жаттықтырушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, сарапшыларды мектеп оқулықтарын бағалау әдістемесін практикада қолдануды үйретеді. Курстар қазақстандық сарапшылардың әлеуетін арттыру мақсатында «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында өткізіледі, – деп хабарлады БҒМ Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқали.

 
Курстың оқу материалдары авторларға қойылатын жаңартылған талаптарды, барлық мектеп пәндері бойынша оқулықтарды бағалау әдістемесі мен критерийлерін қамтиды. Сонымен қатар оқыту барысында басқа елдердің электрондық оқулықтарды сараптау тәжірибесі талданды.

Өзгелердің жаңалығы